#qyzylordatv
Арал ауданында Ұлттық Домбыра күні аталып өтті. Күй мен жыр өрілген рухани кеш туралы тілші бейнематериалында.
Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра. Оның қос ішегінде ғасырлар сыры, бабалар рухы, ұлттың болмысы жатыр. Ал, Арал теңізінің толқыны талай өнер иесін лек-легімен дүниеге әкелгені белгілі. Бүгінде Арал өңірінде қасиетті қара домбыраны серік еткендер аз емес. Ұлттық домбыра күнінде солардың бір шоғыры марапат төрінен көрінді.
Арал топырағы талай шайыр мен дүлдүлдерді өмірге әкелген қасиетті мекен. «Ән мен күй, жырдың киесі, қасиетті қара домбыра» атты жыр кешінде өнерлі жастар қос ішектен күмбірлетіп күй төгіп, мың бұрала би биледі.
Айбек Тәңірбергенов бастаған аудан жыршылары асыл сөздің қаймағын қалқып арнау арнады. Күміс жырдан төгілтіп, жиналған қауымның құлақ құрышын қандырды.
Домбыраның қоңыр үнімен әуелеген әуендер көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.