#qyzylordatv

Сыр төрінде алғаш рет ірі мегаполистер мен шағын шаһарлардың инклюзивті дамуы таразыланған халықаралық форум жоғары деңгейде қорытындыланып отыр. Ал бұл жиынның былайғы жұртқа берері қандай? Нендей келіссөздер бекіді? Әріптесім Елжас Әбділда таразыласын.

Қазір әлем урбанизация дәуіріне бет алды. Қалаға көш көбеймесе, кемімесі анық. Тиісінше, түйінін түртпесең, түйіткілдер түгесіле қоюы неғайбыл. Ал, шағын шаһарларда шашауы кеткен мәселе жаһанға ортақ. Халықаралық форумның тақырып тұздығы осы. Біріккен ұлттар ұйымының қолдауымен өткен жиында қалаларда өмір сапасын жақсарту, жасыл инфрақұрылым енгізу және ақылды басқару жүйесін жетілдіру жайы талқыланды.

 РАФАЭЛЬ ТУТС – «UN-HABITAT» ҰЙЫМЫ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ / Қазір климаттық өзгерістер үлкен мәселеге айналып отыр. Әсіресе, мегаполистерде жағдай өте мүшкіл. Біз мұны бірлесіп қана шеше аламыз. Осы форум бірлескен деклорция қабылданды. Бұл үлкен істің бастауы болмақ. Құжатта азық-түлік қауіпсіздігіне дейінгі өзекті мәселелер қамтылған/

 Қызылорда - қарқынды урбанизация жолына түскен шаһар. Бүгінде Сыр өңірі халқының 50 пайызға жуығы облыс орталығында тұрады. Ал аймақ бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Қаражаттың басым бөлігі алғашқы астананы түлетуге бағытталып отыр. Соның ішінде экономикалық тұрғыда тиімді әрі экологиялық жағынан қауіпсіз жобаларға басымдық берілген. Өңірге инвестиция тарту көрсеткіші де көш ілгері.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ /Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы 135 млрд. теңгеден астам инвестиция құйып, құрылыстың 80%-ы аяқталды. Орталық қыркүйек айында пайдалануға беріледі/

 Мамандардың айтуынша, 2050 жылға дейін жер жүзіндегі тұрмыстық қалдықтар көлемі 3,5 млрд тоннаға жетуі мүмкін. Шыны керек, тұтынған дүниені қайта кәдеге жарату ісі біздің елде өте баяу. Тек Германия, Оңтүстік Корея және Австрия мемлекеттері тамақтануға арналған пластик және шыны ыдыстардың 60 пайызын дер кезінде өңдейді екен. Жиында осы мемлекеттердің озық тәжірибелерін өндіріске енгізу жайы ұсынылды.

 ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ /Мемлекет басшысы ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салуды тапсырған болатын. Осыған сәйкес өңірде құны 96 млрд. 100 млн. теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Міне бұл қазіргі урбанизациялық түйіткілді тарқатуға бағытталған бірден бір қадам/

Форум барысында көтерілген мәселелерді шешу мақсатында бірнеше халықаралық ұйым және әлемдік бизнес қауымдастық жетекшілерімен инвестициялық келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ, аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасына жалпы құны 25 миллион доллардан асатын бірнеше жоба ұсынылып отыр.

КАТЯ ШЕФЕР – «UN-HABITAT» ҰЙЫМЫНЫҢ ШЫҒЫС ЕУРОПА ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ӨКІЛІ /Аударма! Шараның бірлескен ұйымдастырушысы ретінде мен Қызылорда секілді шағын қалада осындай ауқымды форумның өтіп жатқанына қуаныштымын. Мұнда мен Қазақстандағы және жалпы Орта Азиядағы қалалар құрылысы жөніндегі сессиялық талқылауға қатыстым. Біз осы форумдағы көтерілген мәселелерді топтастырып, жаһандық келісімдердің шағын қалаларда орындалу барысын қадағалаймыз/

 Жалпы халық саны миллионнан асатын қалалар жаһандық бәсекелестіктің тірегі болып қала бермек. Ал, облыс орталықтары өңір өсімінің өзегі болуы тиіс. Сондықтан халықаралық форумға шетелдік меймандармен қатар, еліміздің барлық аймағынан келген делегаттар қатысып, тәжірибе алмасу тетігін таразылады.

 ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ /Қорыта айтқанда бұл ас ішіп, аяқ босататын жиын емес. Бүгінде әлемге ортақ мәселелердің түйінін түбірімен тарқату алаңы. Яғни жылдан жылға қуаңшылық, су тапшылығы және экологиялық тепе-теңдік бұзылуы өңірлік урбанизацияны жаңа көзқараспен қайта қарауға итермелеп отыр. Сондықтан да бүгінгі ұсынылған шешімдер экологиялық аймақтарда өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік бермек/