#qyzylordatv

Қызылордада қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеп. кәдеге жарататын зауыт бой көтермек. Құрылыстың басталғанын білдіретін капсуланы салу рәсіміне Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Парламент мәжілісінің депутаттары қатысты.

Мемлекет басшысы ірі қалаларда экологиялық мәселелерді кешенді шешу, «жасыл» экономикаға көшу, полигондарды санитарлық талаптарға сәйкестендіру, саланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуді шегелеп тапсырған еді. Осыған сәйкес, облыста құны 96 млрд 100 млн теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Оңтүстік Корея технологиясымен қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауыты. Рәсімде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаруаларға тоқталып, зауыт құрылысының басталуына сәттілік тіледі.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Жобаның алғашқы кезеңінде құны 9 млрд. 535 млн. теңгеге қолданыстағы полигон жаңғыртылып, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаны құрайтын замануи қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Атап өту қажет, бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық аудандарында жалғасып, қалдықтарды басқару саласында облыс бойынша құны 734 млн. теңгеге 6 жоба жүзеге асырылуда. Тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған аталған жобалар – қоршаған ортаны қорғауға, қалдықтарды сұрыптауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға оң әсерін тигізері сөзсіз. Бұл жұмыстардың барлығы Президентіміздің қоршаған ортаны жақсартуға, қоғамның табиғатқа жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасының тұжырымдамаларына негізделген.//

ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Кешен заманауи қондырғылармен және арнайы техникалармен жабдықталып, нәтижесінде полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артпақ. Мұнан бөлек, жобаның жалғасы ретінде құны 25 млрд. Теңгеге

20 мегаваттқа дейін электр энергия өндіретін қоқыс өртеу зауытын іске қосу жоспарлануда. Аталған жобалар іске асқан жағдайда қаланың ғана емес, облыстың экономикалық, экологиялық және энергетикалық әлеуетіне оң әсерін тигізбек.//

 Іс-шарада сөз алған Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстарға оң бағасын берді.

 ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ – ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ //Елімізде жыл сайын 4 жарым млн қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Бүгінде соның өңделетін көлемі бар-жоғы 25,8 пайызын ғана құрайды. Сондықтан осындай зауыттар бізге керек. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ірі қалаларда кешенді жұмыстар жүргізіліп жатса. Соның бірі деп осы Қызылорда қаласын айтар едік. Сондықтан осы жобаларды бірігіп жүзеге асырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.//

 ХВАНГ СОНГ СИН – МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ //Аударма: Басты мақсат – қаланы таза ұстау. Бұл жоба бірнеше сатыдан тұрады. Бірінші – ол арнайы қоқысты сұрыптайтын зауыт. Екінші – сол сұрыпталған қоқыстарды әрі қарай өңдейтін зауыт. Бірінші жобаны аяқтауға екі жылдай уақыт кетеді.//

Мұнан бөлек, қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологияларды тарту мақсатында қалада екі ірі жоба бойынша жұмыстар басталып кетті. Соның бірі – шыны зауыты жанындағы неміс технологиясымен жабдықталған шыны ыдыстар шығаратын зауыты.