ШЫҰ 30 жылға жетер-жетпес уақытта «бестіктен» «ондыққа» айналды. Қазіргі таңда оған мүше елдерде әлем халқының 45 пайызы тұрады. Сондай-ақ әлемдік экономиканың 25, сауда айналымының 15 пайызы да осы елдерге тиесілі. Ұйымның осындай экономикалық әлеует пен саяси беделге ие болуына Қазақстан үлкен ықпал етті. Бұл Астанада өтіп жатқан саммитке қатысушы елдер өкілдерінің пікірі.
Сарапшылар Беларусьтің ұйымға мүше болуы заңдылық дейді. Өйткені аталған ел бұған дейін біраз жыл ұйым аясындағы шараларға барынша белсене араласып келді. Әуелі диалог серіктесі кейіннен бақылаушы мемлекет болды. Осылайша ұйымға Қазақстан төрағалық еткен кезеңде Беларусьтан бөлек тағы екі ел ұйым құрамына өтті.
БАХТИЯР ХАКИМОВ – РФ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ШЫҰ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ АРНАЙЫ ӨКІЛІ - Қазақстан төрағалық еткен жылдары ұйымның тұрақтылығы артып, керегесі кеңейді. Мысалы, Үндістан мен Пәкістан да Астанадағы саммит кезінде қатарға қосылды. Беларусь елінің де мүше болуына Қазақстанның ықпалы зор. Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық, Қоршаған ортаны қорғау және Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы сынды құжаттар да Қазақстанның тұсында қабылданды.
Бес елдің бірлесуінен басталған ШЫҰ бүгінде жер-жаһан халқының жартысына жуығын қамтыған үлкен ұйымға айналды. Бастапқыдағы басты ұстанымдары – қауіпсіздікті қаматамасыз ету болса, қазір әлемді алаңдатқан әртүрлі тақырыпты күн тәртібіне шығарады.
АЛИ БАГЕРИ КАНИ - ИРАННЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ - Қазіргі таңда бұл – жан-жақты ұйым. Біршама мемлекет оған мүше және бүгінгі күнгі өзекті мәселелерді шешуді мақсат етеді. Бұл елдердің барлығының әлемдік аренада беделі бар. Сондықтан диолог алаңында көтерілген түйткілдердің басым бөлігі оңтайлы шешіліп жатады.
Тарихқа үңілсек, Ұйымның жұмысы 1996 жылы басталды, ол кезде құрамына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Ресей мен Тәжікстан болды. Араға 5 жыл салып, қатарға Өзбекстан қосылды. Сол кезден бастап «бестік» Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы деп аталды. Бүгінде 9 мемлекет мүше, 3 бақылаушы және 14 диалог жөніндегі серіктес ел бар. Әлем халқының 45 пайызын қамтиды. Жалпы ішкі өнімнің 25 пайызы мен сауда-саттықтың 15 проценті де осы ұйымға мүше мемлекеттерге тиесілі.
МАО ВЭНЬЧУН – ҚХР СІМ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ - ШЫҰ ашық ұйым және ол жыл санап дамып, ұлғайып келеді. Бұл тұрғыдан Қазақстанның, оның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегі орасан. Осы жолғы саммитте ұйымға мүше елдер арасында саяси, сауда-экономикалық, ғылыми, мәдени салалардағы ынтымақты арттыру жағы талқыланды. Келесі төрағалық біздің елге табысталып отыр, біздің тарап та осы бастамаларды әріжүзеге асыруға ат салысады.
Ұйым жалпыға бірдей, өзекті мәселелерді көтерді. Әлемдегі тұрақтылық пен тыныштық, саяси экономикалық байланыстар басты назарда. Жаһандық жылыну, экологиялық мәселелер де күн тәртібіне енгізілген. Халықтың әл-ауқаты мен замануи технологиялар да кеңінен талқыланды.
МИРОСЛАВ ЕНЧА - БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ - Қазір заман талабы өте жылдам өзгеріп жатыр. Бірнеше жыл бұрын қабылданған ережелер ескіріп қалды. Заманға сай біз де әлем де өзгеріп тұруы керек. Сондықтан байлар мен кедейлердің арасы алшақтап бара жатқаны, жасанды интелектіні күнделікті өмірге енгізу және пайдалану сияқты сұрақтарды да көтердік.
Мемлекет басшысының айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие. Сондықтан, Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, «Үш зұлым күшке» яғни терроризм, сепаратизм мен экстримизмге қарсы тұру үшін күш біріктіру керек.