#qyzylordatv
Сыр өңірінде «Қажымұқан жолы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі өтті. Білектілер бәсекесіне сегіз жігіт қатысып, мықтылығын дәлелді.
Турнирдің «Қажымұқан жолы» деп аталуы тегін емес. Жарыста қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан, алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының жаттығу элементтері көрсетілді.
АЗАМАТ ҚАРЛЫҒАШОВ – «ҚАЗАҚСТАН СПОРТШЫЛАР ОДАҒЫ» РҚБ ТӨРАҒАСЫ ///Осы челлендж арқылы Қажымұқан бабамыздың төзім мен тәртіпке құрылған жаттығу үлгісін жас буынға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Жобамыз жақсы нәтижелермен қуантуда. Осымен 17-ші өңірге келіп отырмыз. Енді, Маңғыстау мен Ұлытау облыстарына барамыз. Бір қуантарлығы жарысқа қатысуға ниет білідірушілер саны көп. Солардың ішінен спортшыларды іріктеп алып жатырмыз//
Қатысушылар әуелі қап көтеріп жарысты. Бұл қаптардың салмағы 60 -тан 90 келіге дейін. Спортшылар мұны 1 минуттың ішінде көтеруі тиіс.
Ал, мына тастың салмағы 130, бөрене 120 келіні тартады. Үміткерлер білек күшін сынап болған соң, темір майыстыру, белдесу сияқты жаттығулар бойынша жарысқа түсті.
Турнирдің ұйымдастырушысы – Қазақстан спортшылар одағы. Ал жобаның авторы танымал спортшы, қазақ балуандарының дәстүрін жалғастырушы, Туризм және мәдениет министрлігінің ресми амбассадоры Сергей Цырульников.
СЕРГЕЙ ЦЫРУЛЬНИКОВ – ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ //Жігіттердің жігері мені таңқалдырды. «Сен тұр мен атайын» деген кіл мықтылар екен. Сегіз спортшы да намысты қолдан бергісі жоқ. Бұл жерде қара күш қана емес ептілікті де қажет етеді. Белгілі бір тактика қажет. Дегенмен, сайыстың атты сайыс, біреуі ғана жеңіске жетеді//
Сырдағы сайысқа 8 адам қатысты. Солардың ішінде жиналғандар Жаннұр Маутанның өнеріне тәнті болды. Білекті балуан бәйгенің бас жүлдесін жеңіп алды.
ЖАННҰР МАУТАН – ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ //Бұрын зал болмаған ғой, табиғатта тренировка жасаған. Сол жаттығуларды жасадық. Енді, Астанада өтетін сайыста Сыр намысын қолдан бермеуге тырысам//
Жыл соңында Астанада қорытынды жарыс өтеді. Оған өңірлерде үздік деп танылған абсолютті чемпиондар қатысып, Қажымұқан белбеуінің иегері атағына таласады. Онда Сыр намысын Жаннұр Маутан қорғайтын болады.