Президент Түркістан облысына барды. Мемлекет басшысының жұмыс сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы ақын, ғұлама, бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндалды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Мұз сарайын аралап көріп, балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті. Президент отандық спортшыларды әрдайым қолдайтынын, жетістіктерін бақылап отыратынын айтып, оларға сәттілік тіледі.
Іссапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы білім беру, мәдениет және спорт нысандарын аралап көреді. Сондай-ақ бірқатар кәсіпорынға барады. Өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысады деген жоспар бар.