Қызылордалық қыз-келіншектерге рухани тәлім-тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Анаға тағзым» орталығына - 1 жыл. Осыған орай орталықта салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға есеп берілді.

 «Анаға тағзым» – бүгінде ел аузында жүрген орталық. Бір жыл ішінде мұнда түрлі форматтағы жиындар: мерекелік шаралар мен кездесулер, семинар-тренинг, форсайт-сессиялар өтті. Мәселен, «Жас Отау» жас отбасылар клубында 41 түрлі парасаттылық дәрістері өткізілсе, «Психолог-медиатор» кабинетінде екі мыңға тарта қыз-келіншек кеңес алған. Жалпы, бір жылда орталық 25 мыңға жуық адамға қызмет көрсетіпті. Мерекелік жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов орталықтың жұмысына оң бағасын беріп, аймақ басшысының құттықтауын табыстады.

 ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

//Бұл орталықта өткенге құрмет көрсетіліп, ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз насихатталуда. Артта қалған бір мақсат-мүддеміздің толық жүзеге асқанын дәлелдеді. Мемлекет басшысы ғимаратқа келіп, жұмысына оң бағасын берді. Ақжаулықты аналардың ақ батасы, игі жақсылардың тілегі орталық ұжымының алдағы жұмыстарына үлкен серпін береді.

 Есеп беру кешінде «Анаға тағзым» орталығы жаңа бренд бұйымын көпшілікке көрсетті. «Өмір иірімдері» деп аталатын тұмарды «Мирас» әжелер клубының қолөнер шебері Ақмарал Жұмағұлова жасаған. Ұлттық құндылықтарды заманауи үйлестіру идеясынан туындаған алғашқы бренд өнімнің мағынасы тереңде жатыр дейді шебер. Орталықтың алғашқы төлтума құндылығы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан чемпион атанған Бексұлтан Бостандықовтың анасына тарту етілді.

АҚМАРАЛ ЖҰМАҒҰЛОВА – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ

//Әрбір үйде тоқшылық, молшылық болсын деген ізгі ниетпен тұмардың өрнектері бидай пішінді, өте берік, қалың кендір жіптен екі тіндеп тоқылған. Төменгі тұсында бес моншақпен жалғасатын күміс қоңыраулы төрт шашақ бар. Әр шаңырақтың төрт құбыласы тең , жұлдызы жарық , бағы бес елі болсын деген аналардың ақ тілеуінен туған эксклюзивті әрі креативті төл өнім//

 Ұлттық құндылықтарымыздың бастау бұлағы ол – Ананың әлдиі. Осы ретте, әлди жырларының үлгісін жаңғырту мақсатында «Анаға тағзым» орталығы «Әлди Ана» республикалық онлайн байқауын ұйымдастырған болатын. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 15 шығарма қытысып, Талғат Нағашыбаев пен Сағынғали Сейітовтің «Ана әлдиі» әні бесік жырының жаңа нұсқасы деп танылды.

 АЛТЫНАЙ МОЛЖАНОВА – «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

//Есеп бергіміз келді. Планканы жоғары қойдық. Бір жылдың бедерінде атқарған жұмыстарды сараптап, саралай отырып ойлағаннан да жоғары деңгейде жұмыс жасадық деп мен сеніммен айта аламын. Біздің орталық ұлттық құндылықтар мекені, тәрбие мектебі, достық алаңына айналды. Біз үшін биылғы жыл белесі биік бір жыл болды.

 Ұлтымыздың өміршең өнегесін өшірмеуді мақсат тұтқан «Анаға тағзым» орталығының байыпты бастамалары алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба бермек.