Қазалыда екі ауылға газ берілді
#qyzylordatv
Қазалы ауданындағы Жаңқожа батыр және Түктібаев ауылдары табиғи газ желісіне қосылды. Осылайша ауданды көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 77,6 пайызға жетті.
Игі істің жүзеге асуына аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев куә болып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Бүгінде аудан халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, жыл соңына дейін Бекарыстан би және Майдакөл ауылдары да табиғи газ желісіне қосылатын болады.
Сондай-ақ бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында жұртшылықпен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға 50-ге жуық азамат келіп, өтініш-тілектерін жеткізді. Тұрғындар көтерген мәселелер негізінен баспана алуға, денсаулық, білім салаларына, жол жөндеу, елді мекендерді газдандыруға қатысты болды. Бұл туралы толығырақ алдағы шығарылымда айтатын боламыз.