Цифрландыру және IT қызметкерлері күні аталып өтті
#qyzylordatv
10 қараша - Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні. Атаулы датаға орай облыс орталығында «Digital Qazaqstan Day - 2026» мерекелік іс-шарасы өтті. Жиында студенттердің инновациялық идеялары мен стартап жобалары таныстырылды. IT саласының мамандары марапатталды.
Цифрландыру, озық технология, жасанды интеллект - бұл заман талабы. Мемлекет басшысы сондықтан өз Жолдауында ақпараттық саланы дамытуға басымдық беру керектігін айтты. Және Қазақстанда «2026 жыл - Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты елімізде жасанды интеллект технологияларын енгізуге, азаматтардың цифрлық құзыреттерін арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Ал, өңірде жастардың инновациялық идеяларын, стартаптарын қолдау мақсатында «Pecha Kucha» кездесулері, «Hackathon» IT жобалар байқауы және «InnoFest Qyzylorda» ауқымды инновациялық жобалар фестивалі өткізіліп келеді.
Бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интелект мемлекеттік қызмет көрсету, білім, денсаулық сақтау, бизнес және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Мәселен, облыста «Ақылды қала» бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.
«Digital Qazaqstan Day - 2026» іс-шарасында жас айтишниктер өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды. Мәселен СеулТех жасанды интеллект институтының студенті Нариман Сүгірәлиев жасанды интелектінің көмегімен мұғалімдер мен оқушыларға арналған көмекші құрал ойлап шығарған.
Жиында еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамытып, ақпараттық жүйелердің жұмысын қамтамасыз етіп жүрген мамандар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.