Негізгі Жаңалықтар «Алтын көмбе»: Отбасылық квест жеңімпаздары анықталды

«Алтын көмбе»: Отбасылық квест жеңімпаздары анықталды

#qyzylordatv 

«Анаға тағзым» орталығында шаңырақтағы береке мен бірлікті насихаттап, ұлттық мұраларымызды қайта жаңғыртқан облыстық «Алтын көмбе» отбасылық квест ойыны өтті. Зияткерлік сайыста 8 отбасы бақ сынады.


Қазақ сөздерінің түп-төркіні көшпелі тұрмыспен тікелей байланысты. Бірақ бүгінде бұйданың қандай бау екенін, қоламтаның не үшін қолданылатынын білмейтін бала көп. Сондықтан отбасылар арасындағы білім бәсекесінің жөні бөлек. «Алтын көмбе» ойыны қазақы сөздің мағынасына үңілтіп, тарихты танып, салт-дәстүрді дұрыс қолдануға үндейтін шара болды.   


ӘДІЛБЕК ТӘҢІРБЕРГЕН – «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫ «АНА ТІЛІ» КЛУБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

Квест ойыны алғаш рет ұйымдастырылып тұр. Сұрақ дайындағанда ұлттық құндылықтар, өңір тарихын қамтуға тырыстық. Жаһандану дәуірінде жеткіншектер өзге мәдениеттің жетегінде кетпес үшін ұлттық салт-дәстүрді, атауларды қатысушылар есіне түсріп, сұрақтар арқылы беріп жатырмыз.


 Ойын 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы «Тас қақпа» кезеңінде қатысушылар ұлттық тағамдар мен қазақ халқының әдет-ғұрыптарына қатысты тапсырмаларды орындады. «Темір қақпа» кезеңі «Қазақтың ұлы аналары» картинасы бойынша сұрақтан басталды. Сондай-ақ, отбасы мүшелері ұлттық бұйым мен дәстүрлі ұғым, көне сөздердің мағынасы бойынша білетіндерін ортаға салды. Ал «Күміс» және «Алтын қақпа» кезеңдерінде қатысушылар әдебиет, тарих, музыка, кино және бейнелеу өнері бойынша білімдерін сынап, тапқырлықтарын көрсетті. 


 Білім мен жылдамдық сынға түскен жарыста ІІІ орынды Сағындықовтар, ІІ орынды Қыстаубаевтар отбасы иеленді. Ал дәрігерлер династиясынан шыққан Рүстемовтер отбасы І орынға қол жеткізді. Білімге бірлікті ұштастырған бұл шаңырақ Сырдария ауданы Тереңөзек кентінен арнайы келіпті.


БАЙТАБЫН РҮСТЕМОВ – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

 Іс-шара өте керемет болды. Бірінші рет қатысып жатырмыз. Тарихи тұлғалар, ұлттық салт-дәстүр, Қызылорда, ел тарихынан біраз мағұлмат алдық.


 ӘБДІБЕКОВА ГҮЛФАРИДА – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

 Біз отбасы құрғанымыз 1999 жылдан бері. 27 жыл болды. Біздің ұстанымымыз бәріміз бірге үйдің тіршілігі болсын, іс шара болсын, бірге атсалысамыз. Ер әйел деп бөлінбейміз.


 Ал барлық кезең бойынша тапқырлық танытқан Елубаевтар отбасы байқаудың бас жүлдесін иеленді. Шаңырақ көтергендеріне 11 жылға жуықтаған жұп қазір 4 баланың ата-анасы.


ЕРКЕБҰЛАН ЕЛУБАЕВ – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

Жарыс өте керемет болды. Жарысты бас жүлдемен аяқтадық. Жарыс айтылғаннан бастап, күн-түн демей дайындалып, соның арқасында жеңіске жеттік. Біз бір-біріміздің сөзімізді жерге тастамай, мен не айтсам келіншегім қолдайды, келіншегім айтса, мен қолдап, бірлікті сақтап жүрміз.


«Алтын көмбе» қатысушылардың білімін ғана саралайтын жарыс емес. Бұл ынтымағы жарасқан шаңырақты көпке үлгі ететін шара. Бұған зияткерлік ойында бақ сынап, әдебімен үлгі, бірлігімен сыйлы болған отбасылар дәлел. 


Бөлісу