Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылында темірден түйін түйген әулет тұрады. Бұл әулетке ұсталық өнер бабадан балаға ғасырлар бойы мирас боп келе жатыр. Тілшіміз Қозы Көрпеш Жасаралұлы он саусағынан өнер тамаған шеберлер шаңғырағында болып қайтты.
Бұл әулетке ұсталық өнер атадан балаға дарыған қасиет. Шермантай Бегмановтың арғы атасы әйгілі ағаш ұстасы болса, ал, әкесі темірден түйін түйген. Ал өзі мына темір станогын сенімді серігім дейді.
ШЕРМАНТАЙ БЕГМАНОВ – ҰСТА //Кешегі қиын-қыстау кезеңде, әр заманда өзінің қиыншылғы болады. Сол кезде маған нан тауып берді мынау. Менің жан серігім деуге болады мынаны. Түнде ұйықтасам түсімде болады. Күндіз жанымда. Сырта жүрсем, жадымда.
Шермантай Бегманов жасында бейнет кешіп, бүгінде зейнетке шыққан. Әйтсе де, атакәсіптен алыстаған емес. Қолы қалт етсе, тынбай тер төккен шеберханадан табылады. Немерелерін ұсталық кәсіптің қыр-сырына баулиды. Биыл бесінші сыныптың табалдырығын аттаған Айсұлтан Шермантай ата жолын жалғастыруға ынталы.
АЙСҰЛТАН ШЕРМАНТАЙ – Ш.БЕГМАНОВТЫҢ НЕМЕРЕСІ // Атам сияқты теміржонушы болғым келеді. Қазір мен атамнан темір жонуды үйреніп жүрмін.
Бүгінде шағын ғана шеберханада Шермантай Бегмановтың ұлы Ғазиз темір жонумен айналысып жатыр. Осылайша, бұл әулет ғасырлар бойы ел алғысын иеленіп, атакәсіптен алшақтаған жоқ. Кейіпкеріміз осынау киелі кәсіп ұрпақтан-ұрпаққа жалғасса екен дейді.