Бүгін елімізде Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдум аясында тура 400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысы аяқталады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мәлім етті.
«Оны Қазақстанның саяси тарихындағы ең ұзақ науқан деуге толық негіз бар. Неге 400 күн? Себебі Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы идеясын былтыр, яғни 2023 жылғы 1 қыркүйекте кезекті Жолдауында айтты. Дәл сол күні референдумға қатысты ауқымды жұмыс басталды деуге болады. Осы уақыт ішінде әр аймақта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды, ақпарат кеңістігінде сарапшылар мен қоғам белсенділері жан-жақты пікір алмасты», - деп жазды Ерлан Қарин өзінің Telegram арнасында.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші осы науқан байсалды түрде, өзара түсіністік жағдайында өткенін айтты. Оның айтуынша, референдум кезінде еліміздегі қоғамдық күштер алғаш рет саяси емес, экономикалық мүдде тұрғысынан күш-жігерін біріктіргенін атап өткен жөн.