Биыл Кіші Арал теңізіне 1 млрд текше метр су жіберілді. Бұл былтырғыға қарағанда 3 есе көп. Бұған өңір шаруаларының су үнемдеу технологиясын қолдануы да сеп болған. Тың технологияларды енгізудің нәтижесінде диқандар 200 млн текше метрге жуық су үнемдеген. Кезінде шағаласы шулап, балығы тулаған айдынды өлкенің тіршілігі қазір қайта түлей бастады. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.
Аралдағы балықшылар ауы мен қармақ-бауын ешқашан тастаған емес. Айдыны тартылып қалса да, төңіректегі шағын көлдерден балық аулап, нәсіп табады. Енді міне жағалаудан 500 метрге ұзаған Кіші Арал теңізі қайта түлеп, ата кәсіп жандана бастады.
ҚЫЛЫШБЕК БАЙБОСЫНОВ – БАЛЫҚШЫ /Су келген соң балық көбейеді деп отырмыз. Қуаныныштымыз. Балықшылар балық аулап, күнін көреді.../
Арал атырабы Сырдарияның ең төменгі сағасында орналасқан. Сондықтан осыған дейін егін маусымында теңізге тамшы тамбайтын. Бірақ биыл жағдай жақсы. Жаз бойы Кіші Аралға секундына 30 текше метр су жіберілді. Сөйтіп, төңіректегі ірі көлдер де кемеріне келе бастаған.
КҮНТУҒАН ТҰРҒАНБАЕВ- ҚАРАТЕРЕҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ /Мына су келгеннен бері ауылдан балдар сыртқа кетіп қалып еді. Қайтып келіп жатыр. Бізге су болса болды. Көшпей, осы жерде тіршілік етіп отыра берсек дейміз.../
Биыл Сыр өңірінде 189 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өнім бітік шықты. Басқасын былай қойғанда, жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналған. Бұл тіршілік нәрін тиімді пайдаланғанның жемісі. Яғни, аймақтағы шаруашылық құрылымдарының дені су үнемдеу технологияларын пайдаланып отыр.
АЙДОС АСАНБАЕВ «ҚАЗСУШАР» РМК ҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ /Ағымдағы жылы су жеткізіп беру қызметін оңтайлы жүргізу және су шаруашылығы нысандарының қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін теңгерімдегі 120,6 шақырымды құрайтын 23 дана каналдарға механикалық тазарту, 49 дана гидротехникалық құрылымдарды ағымдағы жөндеуге және 26 дана су өлшеу бекеттерін қалпына келтіру межелеген болатын. Жоспарлы жұмыс толыққанды орындалды/
Елімізде су министрлігі құрылғалы транс-шекаралық өзендерді пайдалану бойынша мемлекетаралық келісімдер өз нәтижесін бере бастады. Мамандар Кіші Аралға соңғы төрт жылда келмеген су жіберілді дейді. Теңіздің суы қазір 22 миллиард текше метрге жетіп, деңгейі айтарлықтай көтерілді.
ҚАЙРАТ СӘРСЕНБАЕВ «АРАЛ-СЫРДАРИЯ» БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ /Вегетация кезеңі өткеннен кейін Аралға су жіберуге тырысып, қазір 50 кубтың үстіне секундына су беріліп жатыр. Қазір енді 400 куб метр су Шардарадан тасталды. Соны әрі қарайда көтеру біздің болжамымызда бар. Реті келетін болса 2,5 млрд-қа дейін жеткізуге жұмыс жасаймыз деген жобадамыз/
Теңізді өлкенің балықшылары жыл басынан бері 5 мың 800 тоннаға жуық балық аулаған. Соның 70 пайызға жуығы зауыттарда өңделіп, 2 мың тонна дайын өнім экспортқа шыққан.