Қылмысқа қарсы күресті тиімді ұйымдастыру қажет. Бұған дейін жүргізілген профилактикалық шаралардан нәтиже аз. Өйткені, аса ауыр, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысына қатысты деректер көбейген. Бұл туралы облыстық прокуратураның бастамасымен өткен алқа отырысында айтылды. Тақырыпты тілшіміз Қозы Көрпеш Жасаралұлы тарқатады.
Аймақта құқықбұзушылықтың алдын алуға қомақты қаржы қаралап келеді. Мәселен, көшелерге 2,8 млрд теңгеге бейнебақылау камералары орнатылған. Құзырлы органның материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңарып жатыр. Алайда, аймақта қылмыстық ахуал реттелді деуге келмейді.
БАУЫРЖАН ТОҚМЫРЗА - ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ
Нақты айтқанда, аса ауыр қылмыстар 16%-ға, онша ауыр емес қылмыстар 7%-ға , алаяқтық қылмыстары 5%-ға, интернет-алаяқтық 35%-ға, зорлау 37%-ға, оның ішінде кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы 7%-ға, қорқытып алу 32%-ға, есірткі қылмыстары 22%-ға едәуір өскен.
Бұған қоса, отбасылық жанжалға қатысты құқықбұзушылықтар да жиілеген. Бұл санаттағы қылмыс 4 есеге ұлағайған. Көп жағдайда әйелдер мен балалар жапа шеккен. Заң қатайса да, зәбір көрген жандардың қатары азаяр емес. Әкімшілік істер де белең алған. Жалпыс қылмыстың өсуіне құзырлы орган өкілі бірнеше себеп барын айтады.
РАУАН ӘЛДЕШОВ – ОПД ЖПҚ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Қылмыстардың өсуінің негізгі себептері халық санының өсуіне байланысты патрульдік полиция штаттық бірліктерінің жетіспеушілігі. Яғни, нормативке сәйкес, облыс орталығын 396 бағытқа бөлетін болсақ, соның 166 бағытын ғана жабамыз. Яғни, 42 пайыз.
Жиында кәмелетке толмағандарға қарсы қылмысты болдырмау мәселесі де сөз болды. Сондай-ақ, қала, аудан әкімдіктерінде құрылған Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияларының қызметіне де сын айтылды. «Ортақ істе енжарлық тануға болмайды» деді облыс прокуроры.
РИЗАБЕК ОЖАРОВ - ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ
Осы жұмысқа белсенді бәрі қатысуы қажет. Оны құқық қорғау органдары емес. Жергілікті атқарушы орган емес. Оның ішінде ата-ананың да рөлі ерекше. Бұл бәрімізге ортақ проблеме болып саналады.
Алқа отырысында профилактикалық шараларды күшейту, қылмысқа қарсы күресте жаңа тәсілдерді енгізу жөнінде тапсырмалар берілді.