#qyzylordatv
Жуырда Шиелі ауданындағы 30 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, оқушылар үйі мен өнер мектебінің құрылысы да аяқталуға жақын. Ауданға жұмыс сапарымен барған Парламент мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев атқарылып жатқан осы және өзге де шаруалармен танысты.
Мұрат Ергешбаев алдымен уран өндіруші компания «РУ-6» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті. 1997 жылы құрылған кәсіпорын қазіргі таңда «Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын» кен орындарында уран өндіруді жерасты ұңғымалы шаймалау әдісімен өндіріп жатыр. Мұнда екі жарым мыңнан астам адам еңбек етуде. Кездесуде мәжіліс депутаты жұмыс орнында азаматтардың қауіпсіздігі ұдайы назарда болу керектігін айтып, компания жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін, мәжіліс депутаты «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шиелі кентінде салынып жатқан 30 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысымен танысты. Үш қабаттан тұратын ғимаратта негізгі палаталардан бөлек, арнайы бокстар қарастырылған. Құны 2 млрд 300 млн теңге болатын нысанның құрылысы шілде айында аяқталып, пайдалануға берілмек.
Мұрат Нәлхожаұлы 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысымен де танысты.
Шиелі ауданында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Биыл бағдарлама аясында 31 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Мәжіліс депутаты сапар барысында жеңілдетілген пайызбен несие алып, кәсібін бастаған азаматтардың да жұмысымен танысып, өнімдерін көрді. Жалпы, бұл жобаның мақсаты – қарапайым азаматтардың әлеуетін жақсартып, табысын арттыру. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.