#арал #САРАТС2 #сушаруашылығы #суресурстары #ирригация #министр #қызылорда #теңіз #мәселе #жаңалықтар #qyzylordatv
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Жауапты сала жетекшісі «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын іске асыру бойынша кеңес өткізді. Жиынға су шаруашылығы саласының мамандары мен ардагерлері қатысты.
Аралды құтқаруға бағытталған САРАТС жобасының алғашқы кезеңі сәтті түйінделді. Бұл жоба аңқасы кепкен Аралдың экологиялық жағдайын жақсартуға біршама ықпал жасады. Дегенмен, 2006 жылы әзірленген «САРАТС-2» жобасы түрлі себеппен созбалаңға салынып келеді. Бертінде Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз гранты есебінен «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасы дайындалды.
МАРХАБАТ ЖАЙЫМБЕТОВ - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ "Бірінші кезең біткеннен кейін 27 млрд су жиналды. Біраз халық қуанды. 23-ке дейін балық түрі пайда болды. Дегенмен де, кезінде су аз болады деген сылтаумен төмен салдынды деп отыр. Осы салаға 70 жыл өмірін берген Нариман Қыпшақбаев ағаммен сөйлестім. Ол кісі айтты екіші деңгейлі Қамбаш, Тұшыбас арқылы салатын каналдар оны барлығы үлкен қаржыны талап етеді дейді."
Жалпы, жоба негізгі 3 бағыттан тұрады. Соның 2-уі өңірдің экологиялық жағдайын оңалтуға, әлеуметтік және экономикалық қуатын арттыруға арналған. Сондай-ақ, Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыру, су ресурстарын басқаруды жақсарту, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамыту көзделген.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ – ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ
"Арал теңізіне соңғы 4-5 жылдың ішінде 2 млрд 600 су жібердік. Одан бөлек, біз қазан айынан бастап біз көлшіктерге су беріп жатырмыз. Бүгін Шарадара су қоймасынан Қызылорда өңіріне 500 куб су лақтырып жатырмыз."
Ел асыға күткен ауқымды жобада асығыстық танытуға болмайды. Сондықтан Нұржан Нұржігітов бастаған делегация «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының техника-экономикалық негіздемесін Арал халқымен тағы да талқыламақ.