Қ.Данабаевтың 75 жылдығына орай мүшәйра өтті
#qyzylordatv
Сыр журналистикасында өзіндік орны бар қаламгер, жазушы Қази Данабаевтың туғанына – 75 жыл. Халықтың сөзін сөйлеп, ел мүддесі үшін еңбек еткен тұлғаны еске алу мақсатында облыс орталығында жыр мүшәйрасы өтті.
Қази Данабаев – Қарақұмның қойнауында дүниеге келіп, руханият саласында жарқын із қалдырған тұлға. Еңбек жолын ауыл мұғалімінен бастаған ол бұқаралық ақпарат құралдарында қаламы жүйрік журналист болып қалыптасты. Өңірдегі өзекті мәселелерді басылым арқылы жеткізіп, ұлт ұпайын түгендеуге атсалысты. 100 жылға жуық тарихы бар «Сыр бойы» газетінде ұзақ жылдар қызмет етіп, бірнеше мәрте облыстың үздік журналисі болды. М.Шоқай атындағы сыйлықтың лауреаты, облыс әкімінің 2006 жылғы стипендианты атанды. Қаламгер публицистикамен қатар, көркем шығармашылықпен де айналысты. Оның қаламынан туған «Гүлдәурен», «Ақ кептер» хикаяттары кітап болып басылды.
НҰРЛАН СОҢҒЫБАЙҰЛЫ – Қ.ДАНАБАЕВТЫҢ ҰЛЫ
Көзіқарақты қызылордалық оқырмандар Қ.Данабаевтың шығармашылығынан хабардар. Ол кісі газетте мақала жазғанда экология, экономика, мұнай, проблемалық мәселелерді республикалық деңгейде көтеріп, елдің ықыласыны бөленген, кермет талдау жасапты деп артынан газетке шыққаннан кейін ел ортасында айтылатын. Әкемің елге жасаған қызметі, үлкен миссияларды мойнына алғанын елдің бағасынан білуге болады.
Жиында Қази Данабаевпен бірге өскен, қызметтес болған замандастары қаламгердің бала кезден-ақ шыншыл, әділ болғанын жеткізді. «Өтірік айтпайтын, жалған сөйлеген адамды бірден танитын еді» дейді қоғам қайраткері Биғали Қаюпов. Кеште жас ақындар Қази Данабаевтың жыр шумақтарын оқыды. Сөз шеберлерінің туындыларында туған жерге сүйіспеншілікпен қатар қаламгердің қайсар мінезі мен еңбегіне құрмет көрініс тапты.
ДҮЙСЕНБЕК АЯШҰЛЫ – ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
Қази Сыр өңіріндегі орта буын журналистердің бәрінің ұстазы десем артық айтқаым емес. Өзім 93 жылы газетке бардым, менің газетке келуіме де Қазекең себеп болғанын кейінірек білдім. Ол кісі жазу өрнегі бөлек, қоғамшыл, батыр адам болды. Ұстаздардың, мектептің мәселесі мынау мұнай саласындағы инвесторлардың экологиялық зардаптары, күрделі мәселлерді газет бетінде көтерген кісі болды.
Мүшәйрада қаламы жүйрік ақындар жүлдегер атанып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Айта кету керек, Қази Данабаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы қашан да жас буынға үлгі.