Газ баллонынан қауіп көп
#qyzylordatv
Өңірде мейрамхана мен дәмханалардағы өрт қауіпсіздігі тексеріліп жатыр. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің төменгі қабатында орналасқан нысандарға бақылау күшейді. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін облыстық төтенше жағдай департаментінің ұйымдастыруымен қала әкімдігі және «QazaqGazAimaq» акционерлік қоғамы өңірлік филиалының мамандары бірлесіп, кезекті профилактикалық рейд жүргізді. Тілші бейнематериалында толығырақ.
Қалада 200-ден астам қоғамдық тамақтану орны бар. Басым бөлігі газ баллонын қолданады. Алайда, барлығы бірдей қауіпсіздік ережесін сақтай бермейді. Немқұрайлы қараудың салдары қалай болатыны күні кеше Абай даңғылының бойында орналасқан «Кимчи» дәмханасында орын алған оқиға есімізге тағы бір мәрте салды.
Өрттің салдарынан кафенің екі жұмысшысын күйік шалып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнына жедел жеткен төтеншеліктер газ-ауа қоспасының жылыстануы салдарынан өрт оқиғасы болғанын анықтады.
Жалпы жыл басынан бері облыстағы өрттің басым бөлігі тұрғын секторда орын алған. Сондықтан жауаптылар өрттің алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, рейдтерді көбейтіп жатыр.
Профилактикалық іс шара барысында бірнеше қоғамдық тамақтану орны тексерілді. Нәтижесінде, кейбір нысандардың асханаларында қауіпсіздік ережелері ескерілмегенін көрдік. Сала мамандары кәсіп иелеріне анықталған кемшіліктерді тез арада ретке келтіруді тапсырды.
Алғашқы тексеріс кезінде анықталған бұзушылықтар бойынша тек ескерту беріледі. Дегенмен, белгілі бір мерзімде кәсіпкерлер кемшілікті жоюы керек. Ал қайта тексеру барысында анықталса, айыппұл салынбақ.