Кіші футболдан еске алу турнирі өтті
#qyzylordatv
Қазалы ауданында елдің дамуына еңбегі сіңген азамат, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мнажадин Өтеевті еске алуға арналған кіші футболдан аудандық ашық турнир өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған доп додасына жергілікті аяқдопшылармен қатар еліміздің әр өңірінен барлығы 16 команда қатысты.
Мнажадин Сражадинұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына соның ішінде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласының өрістеуіне елеулі үлес қосқан тұлға. Ол іскерлік қабілетімен, адамгершілік қасиетімен, азаматтық болмысымен елдің құрметіне бөленді. Облыстық және аудандық мәслихаттың депутаты болған кезде халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, өзекті мәселелерді көтерді. Түйінді түйіткілдердің оң шешілуіне ықпал етті. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған ел ағалары Мнажадин Өтеевтің өмірі мен қызмет жолына тоқталып, өткенді еске алды.
Елге еңбегі сіңген азаматты еске алуған арналған турнир биыл бірінші рет өткізілді. Жарысқа қазалылық спортшылардан бөлек көршілес Ақтөбе өңірінен, Қызылорда, Алматы қаласынан командалар келіп қатысты. «Еразамат 1001 ұсақ» командасының сапында бразилиялық ойыншылар да өнер көрсетті. Турнирдің деңгейін осыған қарап-ақ бағамдай беруге болады.
Командалар төрт топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Топтық кезеңнен үздік шыққандар ширек финалда кездесіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті.
РУСЛАН МНАЖАДИН, М.ӨТЕЕВТІҢ ҰЛЫ
Басты мақсатымыз әкемізді еске алып, ауданда футболды дамыту. Жүлде қоры 2 млн. тг
Екі күнге созылған жарыстың нәтижесінде Қазалы қаласының командасы үшінші орын алса, «Сыр маржаны» екінші орынға ие болды. Ал, «Еразамат 1001 ұсақ» командасы Мнажадин Өтеевті еске алуға арналған аудандық ашық турнирдің чемпионы атанды.