Негізгі Жаңалықтар Қала әкімі аппаратының басшысы тағайындалды

Қала әкімі аппаратының басшысы тағайындалды

#qyzylordatv 

Қала әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс. Шаһар басшысы Нұржан Ахатов актив отырысында жаңа аппарат басшысын таныстырды. Енді бұл лауазымды міндетті Азамат Мыңбаев атқармақ.  


 Азамат Амантайұлы 1989 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. «Болашақ» университетінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, сондай-ақ, «Құқық қорғау қызметі» мамандықтары бойынша білім алды. Еңбек жолын 2009 жылы облыс әкімі аппаратында штаттан тыс қызметші ретінде бастап, ақпараттық технологиялар орталығында жетекші сарапшы, бөлім басшысы, облыс әкімі аппаратында бас инспектор секілді жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Ал, мұнан кейінгі жылдары қала әкімі аппаратында бөлім басшысы және Шиелі ауданы әкімінің аппарат басшысы болған. 2023 жылдан бастап облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.


 НҰРЖАН АХАТОВ – ҚАЛА ӘКІМІ   

 Азамат Амантайұлы аппарат саласында мол тәжірибе жинақтаған, кәсіби біліктілігі жоғары, басқарушылық әлеуеті зор кадр, деп есептейміз. Шиелі ауданында аппарат басшысы қызметінде бірге қызмет жасадық. Осы ретте, қала әкімінің аппараты басшысына келесі тапсырмаларды жүктеймін: қала әкімінің барлық тапсырмалары мен хаттамалық шешімдерінің орындалуын қатаң бақылауға алып, белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, қала әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен кент және ауылдық округтердің жұмыстарын үйлестіріп, олардың қызметіне тұрақты мониторинг жүргізуді, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдауды


 Актив отырысында шаһар басшысы осыған дейін аппарат басшысы қызметін атқарған Мұрат Тасқараевқа алғыс білдіріп, қаланың ең жоғарғы марапаты «Құрмет» грамотасын табыстады. 


Бөлісу