Қызылордада технологиялық хакатон өтті
#qyzylordatv
Қызылорда қаласында «Decentrathon 6.0» атты технологиялық хакатон өтті. Екі күн бойы 200-ден астам студент және жас маман нақты бизнес мәселелерін шешумен айналысты. Ауқымды шара Қазақстанның 19 қаласында бір мезгілде ұйымдастырылды.
Хакатон «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторы базасында офлайн форматта өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен өңірлік Цифрлық технологиялар басқармасы қолдау білдірген. Биыл іс-шара 200-ден астам қатысушының басын қосты. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы хакатонға Қызылорда облысынан 125 адам қатысқан болатын. Бұл жастар арасында IT саласы мен заманауи технологияларға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Екі күн бойы командалар нақты бизнес-кейстермен жұмыс істеп, жоба прототиптерін әзірледі, сарапшылармен кері байланыс орнатып, өз шешімдерін технология саласының өкілдеріне таныстырды.
Биылғы маусымда байқау әр өңірде жеке-жеке өткізілді. Қатысушылар үш бағыт бойынша бақ сынады, ал ұсынылған әрбір кейс бойынша жеңімпаздар анықталды. Өңірлердегі жүлде қорының жалпы сомасы 1,5 миллион теңгені құрады. Жеңімпаздардың есімдері жақын арада жарияланбақ.