Негізгі Жаңалықтар Ғасыр үні: Классикалық музыка кеші

Ғасыр үні: Классикалық музыка кеші

#qyzylordatv 

 Биыл көрнекті композитор, белгілі дирижер, қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 және қазақ опера өнерінің аңызы Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл. Үш алыптың мерейтойына орай Сыр сахнасында «Ғасыр үні» атты концерт өтті. 


 Симфониялық оркестр. Ғажайып үн. Керемет атмосфера. Бұл кеш қазақтың кәсіби музыка өнерінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан үш бірдей ұлы тұлғаның мұрасын насихаттап, шығармашылығын дәріптеуге арналған. Концертте талғамы терең тыңдарман әуезді ән тыңдап, классикалық музыкаға құлақ түріп өнердің биік шыңына сапар шекті. 


 Иә, бұл кеш бұрынғыдан өзгерек. Себебі, қазақ музыка өнерінің майталмандары, көрнекті композитор Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің шоқтығы биік, танымал туындылары орындалды. Ахмет Жұбанов әйгілі «Абай» операсымен әлемге танылса, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» әлі күнге дейін ұлттық классиканың інжу-маржаны саналып келеді. Ал, Қазақстанның халық әртісі, белгілі опера әншісі, «баритон королі» Ермек Серкебаевтың есімі елге мәлім. 


Концертте Самал Байсейітова, Сымбат Тасбергенова, Ақылбек Табынбаев, Жалын Жүсіпов, Аружан Төреғали сияқты облыстық филармония солистері өнер көрсетті. Сондай-ақ скрипкашылар Әсел Сейтжанова мен жас талант Даниил классикалық шығармалардың сырлы сазын аспап үнімен әдемі жеткізді. 

Бөлісу