Негізгі Жаңалықтар Қызылордалық ұстаздың қолөнер бұйымдары әлемдік рекордтар кітабына енді

Қызылордалық ұстаздың қолөнер бұйымдары әлемдік рекордтар кітабына енді

#qyzylordatv 

Қызылордалық ұстаз Дәрігүл Таңатарованың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары «Global Best of Records» әлемдік рекордтар кітабына енді. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі жүннен жасаған туындыларын Астанада өткен шығармашылық байқауда көпшілік назарына ұсынған болатын. 


 «Жүннен жазылған тарих»: ұлттық мұраның жаңаша тынысы» тақырыбындағы шығармашылық байқауда еліміз бойынша 750 туынды таныстырылды. Оның 150-і Сыр өңірі ұстаздарының қолынан шыққан. Әрбір картинада қазақтың бай мәдени мұрасы, ұлттық құндылықтары мен төл өнері, тыныс-тіршілігі, тұрмыс-салты бейнеленген. Қазақтың тарихынан, өткені мен бүгінінен сыр шертетін құнды дүниелердің арасынан Дәрігүл Қабылбайқызының жүннен жасаған бұйымдары көпшіліктің қызығушылығын туғызып, әлемдік рекордтар кітабына енді.


ДӘРІГҮЛ ТАҢАТАРОВА, КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ 

Бұл бастама біздің астанадағы әріптесіміз Ләззат Атыбайдың идеясы. Біз сол кісіні қолдадық. Мақсатымыз өзіміздің ұлттық қолөнерімізді балаларымызға үйрету, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Біздің ата бабамыз ежелден жүнді тұрмыста пайдаланған ғой. Қазір оқушыларымыз жүнді заманауи үлгіде пайдаланып, бұйымдар жасап жатыр....


Жүннен жасалған картиналар көздің жауын алады. Әрбір туынды түрлі әдіспен әзірленеді. Мәселен, қолөнер шебері Дәрігүл Таңатарова тауыс құсының бейнесін 3 Д форматында жасап, көпшіліктің көзайымына айналды. Қызылордалық ұстаздың қолынан шыққан дәл осы бұйым әлемдік рекордтар кітабына еніп отыр. 


ДӘРІГҮЛ ТАҢАТАРОВА, КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ Жүннен жасалған пано картина екі әдіспен жасалған. Артындағы фоны киіз, беті 3 Д қылып жасалған. Инемен ұру әдісімен қанаттары жасалған және гүлдер ылғалды жүнмен жасалған..


 Креативті индустрияны дамыту мақсатындағы шығармашылық байқауға Дәрігүл Қабылбайқызының шәкірттері де қатысқан. Талантты оқушылар өздерінің жасаған дүниелерін келушілердің назарына ұсынды. 


 Креативті педагог Ахмет Байтұрсынұлы атындағы № 211 мектеп-гимназиясындағы «Іскер ана» орталығына жетекшілік етеді. Ісмер қыз-келіншектерге қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. 


Бөлісу