Суретшілер симпозиумы басталды
#qyzylordatv
Облыс орталығында Қазақстанның халық суретшісі, кескіндеме шебері Сахи Романовтың 100 жылдығына орай республикалық суретшілер симпозиумы басталды. Ұлттық бояуды мәңгілік мұраға айналдырған өнер майталманының еңбегін дәріптеуге арналған симпозиумға 20 кәсіби суретші қатысуда. Кенепке түскен керемет туындылар турасында тілшіміз тарқатсын.
Сахи Романов кеңестік кезеңде талантымен танылған суретші. Сыр перзенті қылқаламның ебін тауып, сурет салып қана қоймай, кескіндеме өнерінің сан саласын игерген. «Қазақфильм» киностудиясында қоюшы-суретші ретінде талай тарихи туындыға рең берді. Сондай-ақ, көнеден жеткен ою-өрнек пен киім үлгілерін жан-жақты зерттеп, этнографиялық мұраны халықтық қазынаға айналдырды. Өшпес өнер иесінің есімін ұлықтау шарасы елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
ЖАНМҰРАТ СЕЙІЛОВ – ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Сахи Романов қазақ халқының тарихы мен рухын, ұлттық болмысын бейнелеу өнерімен биік деңгейге көтерген дара тұлға. Оның бай мұрасы рухани құндылығымыздың асыл қазынасы, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін шығармашылық өнеге. Сондықтан бұл симпозиум көрнекті суретшінің мұрасын ұлықтап қана қоймай, ұлттың өнер сабақтастығын нығайтып, жаңа шығармашылық ізденістерге жол ашатын маңызды бастама/
Жалпы, Сыр өңірінде суретшілер симпозиумы осыдан 10 жыл бұрын бастау алды. Алғашқы жылдары отандық қылқалам шеберлері қарт Қаратау жоталарына сапар шегіп, таңбалы тастарды бейнелеген еді. Ал, соңғы жылдары осылай есімі елге әйгілі кескіндеме шеберлерінің мол мұрасы дәріптеліп келеді. Бұл жолы шығармашылық шараға еліміздің әр аймағынан 20 кәсіби суретші арнайы келді. Енді олар алдағы 3 күн бойы көзбен көріп, ойға түйгендерін қалам ұшында тербемек.
ӘДІЛҒАЛИ БАЯНДИН – ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
Мен тарту ретінде галереяға арнап бір үлкен жұмысымды жазып әкелдім. Ол жұмыс ішінде Сахи Романовтың киноға байланысты, Қызылорда жерінде түсірілген кейбір фрагменттері бар: киіз үй, салт-дәстүрімізге арналған. Симпозиум уақытында тағы да 2 жұмыс жасалады, мүмкін ол табиғаттың суреті болар, болмаса композициялық шешіммен әр суретші өз таңдауымен жұмысты майлы бояуда орындайды.
МҰРАТ ШАХАНБАЕВ – СУРЕТШІ /ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ/ Сахи Романовтың туындылары өте керемет. Қазақтың табиғатын, өнерін дәріптеп кеткен кісі. Осындай симпозиумға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл симпозиум суретшілер үшін өте маңызды. Жас ұрпаққа да берер тәрбиесі өте көп. Мұндай іс-шаралар көптеп болуын қалаймыз.
Суретші қауым еркіндікті қалайды. Сондықтан симпозиумда қатып қалған қағида жоқ. Кім не көрді, не түйсінді - соны бәз қалпында бейнелемек. Ал, ұйымдастырушылар тарапынан қолайлы жағдай жасалған. Яғни, қатысушылар алдымен Қызылорда қаласының тарихымен танысып, қаланың ескі һәм жаңа келбетін бағдарлауға мүмкіндік алып отыр.