Қаладағы апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесі кезең кезеңімен шешімін табады. Осы мақсатта биыл 135 отбасыға жаңа пәтер кілті табысталады. Мұнан бөлек жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, елді мекендер мен саяжайларды газдандыру, электр желілерін жаңғырту, көпқабатты үйлерді ыстық сумен қамту бойынша бірқатар жобалар жүзеге аспақ.
Бүгінде облыс орталығында апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің саны - 68. Оның алпысы көпқабатты тұрғын үй болса, қалғаны жеке тұрғын үйлер. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл мәселе жыл соңына дейін шешілу керек. Осы мақсатта өткен жылдың соңында 135 жаңа пәтер сатып алынған. Бұл тұрғын үйлер жуырда пайдалануға беріледі.
НҰРЖАН АХАТОВ, ҚАЛА ӘКІМІ \
Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегінде 673 отбасы тіркеуде тұр. Өткен жылдың соңында 135 отбасыға жаңа пәтерлер сатып алынды. Биыл тағы 135 отбасына жаңа пәтер сатып алу үшін қажетті жұмыстар жүргізіледі. Аймақ басшысының өзінің тікелей тапсырмасы бар биылғы жылы апаттық үйдегі кезекте тұрған азаматтардың мүмкіндігінше толық қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасаймыз\
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүзеге асады. Қаладағы Сағымбаев көшесі қайта жаңғыртылады, Сырдария жағалауының бойынан Ескі базар мен Мерей мөлтек ауданы аралығына жаңадан жол салынады.
НҰРЖАН АХАТОВ, ҚАЛА ӘКІМІ \Жобаның құны 5,8 млрд.тг. Бұл жобаны да биыл бастап, жыл соңына дейін аяқтайтын боламыз. Жуырда аспалы көпір аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпіріне қайта жаңғырту жұмыстарын бастаймыз.
Мұнан бөлек, Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін темір жол өткелі, қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын көпір құрылысы биыл аяқталады. Тағы бір жоба, Сырдария өзенінің үстінен Астана мөлтек ауданынан Тұңғыш Президент саябағына қарай өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынбақ. Биыл сондай-ақ қала жанындағы саяжайлар газдандырылады.
НҰРЖАН АХАТОВ, ҚАЛА ӘКІМІ \
Бүгінгі күні 3,1 млрд. теңгеге Сабалақ саяжайын және 631 млн. теңгеге қалада «көгілдір отын» желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру ісі жалғасуда. Ендігі кезекте Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді-мекенін «көгілдір отынмен» қамту негізгі жоспарға енгізіледі. Осы тұста айта кеткеніміз жөн, биыл шаһарымыздың Бас жоспары қайта бекітіледі. Жаңа Бас жоспар қала жанындағы саяжайларды қамтиды. Басты құжатқа сүйене отырып, біз Эдельвейс, Еңбек, Орбита секілді саяжайларға да газ желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз\
Қазіргі күні қалада бірқатар әлеуметтік, мәдени, спорттық нысандар бой көтеруде. Соның ішінде заманауи үлгідегі облыстық тарихи-өлкетану музейі мен үш «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілмек. Абаттандыру, көркейту, көгалдандыру бағытында да байыпты бастамалар қолға алынған.