Шиелі ауданында оқушыларға өсімдікті баптап, оны күтіп ұстауға үйрететін мектеп бар. Сондай-ақ, балалар тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жаратып, өз ойларын жүзеге асыруда. Мұның барлығы «Жасыл клуб» пилоттық жобасы арқылы қолға алынған. Тілшіміз Дәулет Сағит сабақтады.
Аудан орталығындағы №244 Ыбырай Жақаев атындағы орта мектептің оқушылары кітаптан алған білімдерін іс жүзінде шыңдап жатыр. Білім ошағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алғалы «Жасыл клуб» пилоттық жобасы жүзеге асып келеді. Осы арқылы оқушылар ауыл шаруашылығы дақылдары мен түрлі өсімдіктерді және ағаш көшеттерін отырғызып, оны күтіп-баптауға машықтанады. Бұл – балалар үшін өте пайдалы іс.
Сондай-ақ, балалар тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жаратып, олардан түрлі картиналар жасап шығаруда. Мұнан бөлек, мектепте апта сайын оқушыларға тәрбие сағаты өткізіледі. Ұстаздар туған жерді сүю, тазалыққа мән беру, үлкенді құрметтеу секілді тақырыпта тәлім беріп, ұлықты ұрпақ тәрбиелеп жүр. Сондай-ақ, балалардың қай-қайсысы қоқыстың ара жігін ажыратып, қағаз бен пластикті бөлек тастауға әбден дағдыланған.
Экологиялық акцияға аудан жастары да белсенді атсалысып келеді. Мәселен, соңғы бір жылда тазалық жұмыстарына 10 мыңға жуық жас қатысқан. Олар әсіресе саябақтар мен тарихи орындарды және көшелерді тазартуға үлес қосуде. Белсенді жастармен орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мамандары кездесіп, көктемгі маусымға жоспар түзді.
Тазалық жұмыстары ақпан айының аяғында басталып, наурызда қайта қарқын алмақ. Енді эко-волонтерлер жасағы су арналарын аршып, арық-атызды бір ретке келтіруді жоспарлап отыр.