#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #кітап #кітапоқитынұлт
Он төртінші ақпан халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл күнтізбедегі ең жас мерекенің бірі. Яғни, 2012 жылы бекітілген. Дегенмен, қымбат қазынаның бағасын түсінетіндер жыл сайын осы күнді мазмұнды өткізуге тырысады. Кітапты жанына серік еткен жастар әсіресе біздің өңірде көбейген. Сондай үлгілі жанның бірімен тілшіміз тілдесіп қайтқан еді. Бейнематериалын көрейік.
Ізбасар Әмір жер-жаһанның қазынасы кітапта, деп түсінген жас. Сондықтан қатарластары секілді телефонға телміріп, уақытын зая кетірмейді. Есесіне, кітап оқуға жүйелі уақыт арнайды екен. Смартфоннан сытылып, ізгілікке ұмтылған жастың нақты мақсаты бар: әлем әдебиетін тауыссам, дейді. Әзірге қазақ классиктерінің шығармаларынан шырақ тауып жүр.
ІЗБАСАР ӘМІР – СТУДЕНТ Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» деген кітабынан бастағанмын. Кейіннен «Қызыл жебесін» оқыдым, «Бір кем дүние..», өзіме Шерхан Мұртаза жақын өте, ұнайды. Кітап оқығаннан кейін, өмірімде өзгерістердің көптеп орын алғанын мен нақты айта аламын. Мәселен, ойлау көкжиегің кеңейеді. Мектептің айналасы немесе университеттің айналасындағы нәрсе ғана емес, жалпы жоғарғы нәрселерге ұмтыла бастайсың, бұрыңғыдан да қатты дамуға құштарлығың артады/
Өңірімізде 2019 жылы «Кітап құрттары» атты әдеби клуб құрылды. Рухани ортада алғашында жеті ғана кітапсүйер жас мүше болыпты. Қазір ізгілік насихатшыларының қатары 100-ге жеткен. Ізбасар солардың ішіндегі ең белсендісі. Кейіпкеріміз өзі оқыған шығармаларды дереу осы ортада талдап, түсінгенін өзгелермен бөлісуге асығып тұрады екен.
ІЗБАСАР ӘМІР – СТУДЕНТ Кітап шыныменде қызық болып жатса, 50 бетке дейін оқып тастайтын кездерім болады. Айына екі,үш кітап бітіруге тырысамыз. Бастысы сол оқыған кітаптың бар пайдасын сіңіріп алу, санына емес,сапаға мән беру/
Қазір өңірде 200-ден астам мемлекеттік кітапхана бар. Олардың барлығы ғылыми-әдістемелік жағынан Әбділда Тәжібаев кітапханасына қарайды. Құтты орындағы кітап қоры 422 мыңнан асыпты. Ал оны оқуға асыққан жастардың да қатары толыға түскен.
ЖАНАТ ҚАРАМАНОВА – Ә.ТӘЖІБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ Бізде қазір, оқырмандар кітапханамызда жылдан-жылға саны артуда. Оны күнделікті оқырмандардың кітапханадан келуінен-ақ байқауға болады. Көбіне қазақ әдебиетін және жастар мотивациялық кітаптарға қызығады. Кітапханада оқырмандар саны ешқандай белгіленбеген. Балалар бөлімінен бастап зейнеткерлерге дейін кітапханаға келіп, өзі қалаған кітапты оқуға мүмкіндігі бар/
Шыны керек, қазір технологияның дәуірі. Әлем жұрты түрлі гаджеттерге байланған. Осындай күрмеулі кезеңде қымбат қазынаға қол созған жастарды көргенде, теңіз түбінен маржан тапқандай қуанасың. Демек, айтулы күннің мазмұндық мәні зор.
ШАКИЗАТ ЖАЛҒАСҚЫЗЫ – ТІЛШІ
Мамандардың айтуынша, кітап оқу стрессті азайтады. Сондай-ақ, ойлау қабілетімізге де оң әсерін тигізеді. Күнделікті жатар алдында кітап оқысаңыз, ұйқысыздықтан да арыласыз. Сондықтан, гаджет пен планшетке үңілме бермей, бір сәт рухани азық алыңыз...