Ана - әлемнің ажары. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтіп, ғылым жолында үздік жетістіктерге жетіп жүрген нәзік жандарға құрмет көрсетілді.

Ұстаздардың мәнді монологынан басталған мерекелік шарада университет ректоры нәзік жандардың қоғамдағы рөлін атап өтті. Оқу орнының дамуына үлес қосып, қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарып жүрген ғалым әйелдерінің еңбегіне тоқталды.

 Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 1000-нан астам қызметкер болса, олардың 70 пайызға жуығы қыз-келіншектер. Олардың қатарында ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD мен магистрлер бар. Ғылыми жобаларда 67 әйел-ғалым жұмыс істесе, оның 30-дан астамы 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Соңғы үш жылда 500 ғалым жобасы аясында 15 ғалым әлемнің жетекші оқу орындарында тағылымдамадан өтіпті. Мерейлі мезетте еңбегімен дараланған оқытушыларға құрмет көрсетілді.

Салтанатты шарада «Күміс университет» жобасы аясында университетте ұзақ жылдар бойы кәсіби маман даярлауға үлес қосқан ардагер-ұстаздарға да құрмет көрсетілді. Бейбіткүл Сәрсемханқызы олардың озық тәжірибелерін қолдану қажеттігін айтты. Мұнан соң іс шара оқытушылар мен студенттердің концерттік бағдарламасына ұласты.