Бүгін облыстық полиция департаментің азаматтары жауапты салада еңбек етіп жүрген нәзік жандарды мерекемен құттықтады. Атаулы күнге орай қырағы қызметімен дараланған 12 полицей аруға ішкі істер министрінің бұйрығымен мерекелік медаль мен құрмет грамотасы табысталды.
Махаббат Төлепбергенқызы жауапты салада 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол Қазалы ауданы полиция бөлімінде жасөспірімдердің тәртібін тікелей бақылап, тапсырылған міндетті мүлтіксіз атқарып келеді. Кәсіби қабілетімен дараланған маман мереке қарсаңында министрліктің арнайы медалімен марапатталып отыр.
Ант пен ар, серт пен сенім, талап пен тәртіп. Құқық қорғау саласы қызығынан гөрі, қиындығы мол қызмет. Сондықтан бұл салада әлсіз болуға мұрсат жоқ. Бүгінде полиция департаментінде 200-ге жуық ару еңбек етіп келеді. Олар сенімге селкеу түсірген емес. Тіпті халықаралық додалардан олжалы оралып жүр. Мерекелік кеште сол үздік полицей арулар сала министрінің арнайы медалі мен құрмет грамотасына ие болды.
Жалпы айтулы күнге орай, департамент бастығының бұйрығымен 132 маманға құрмет көрсетілді. Мерекеде мәртебесі артқан жандардың қатарында сала ардагерлері де бар.
Дәстүрге сай мереке қарсаңында қыз-келіншектер арасында Макаров тапаншасынан оқ ату сайысы ұйымдастырылған Салтанатты кеште сол мергендігімен танылған аруларға да ерекше құрмет көрсетілді. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, сала қызметкерлері арулардың бәріне гүл шоқтарын тарту етті.