#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #nauryz #наурызкөже #байқоңыр
Ұлты өзге болғанымен қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын ұстанатындар бар. Солардың бірі -байқоңырлық Светлана Невзорова. Наурыз мерекесінде ақ дастарханын жайып, көже пісірген Светлананың шаңырағында әріптесім Гүлай Ашекова қонақ болып қайтты.
Қаны бөлек болғанмен жаны қазаққа айналған отбасының сүйікті мерекелерінің бірі - наурыз. Жыл жаңарған тұста Светлана наурыз көже әзірлеп, дастарханын аққа толтырады. Әр мерекеде қазанға ет салып, бауырсақ пісіріп, наурыздың басты тағамы наурызкөже дайындайды.
«Наурыз көжені мен өзімнің жеке рецебіммен жасаймын. Басқа адамдар сияқты сүр ет қазы қосып жасамаймын. Тек дәнді-дақылдармен жасаймын...»
Светлана Невзорованың анасы - қазақ. Ресей азаматына тұрмысқа шыққан ол отбасылық жағдайға байланысты 2005 жылы Арал ауданының Қызылжар елдімекеніне қоныс аударады.
СВЕТЛАНА НЕВЗОРОВА - БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Россиядан келген кезде қазақша білмеймін. Тек бір-екі сөзді ғана білетін болған шығармын. Бірақ қазақша сөйлеу, қазақша ойлау, қазақша жазу дегенді мен ешқандай білмейтінмін. Сол 2005 жылы Қызылжар елдімекенінде орта мектепке бардым, қазақ сыныпқа, қазақ мұғалімдер кәдімгі. 8-11 классты сол жақта оқып бітірдім».
Бір қызығы, Қазақстанға келген соң Светлана мен оның бауырларына ауыл үлкендері азан шақырып, қазақша есім берген.
СВЕТЛАНА НЕВЗОРОВА - БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Менің де менен кейінгі 3 бауырымның да аттарымыз орысша. Менікі Светлана, інім Павел, одан кейін екі сіңілім Вера, Надежда. Қазақ ауылға келіп тұратын болған соң, бәрімізге қазақша есім берді. Азан шақырып, кішігірім жорамалдарын жасап, қазақша ат берді бәрімізге. Маған Сәуле деген есім берілді, інім Павелге Абдулла, Вераға Әмина, Надеждаға Айша деген есімдер қойылды. Біздің өзіміздің осындай қазақша аттарымыз бар».
Осылайша бір күнде қазақ есімін алған Светлана, Сәуле атанып Ақтөбе медициналық колледжін оқып, тәмамдайды. Кейін Байқоңыр қаласына жас маман болып келеді. Бойжеткен өзінің өмірлік серігін де дәл осы жұлдызды қалашықта жүріп жолықтырады. Балаларына да қазақша есім қойыпты.
СВЕТЛАНА НЕВЗОРОВА - БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Осы жақта қыдырып жүріп, жолдасымды кездестіріп, танысып, екеуіміз отау құрып, биыл уже 11 жыл болады. Екі бүлдіршініміз бар. Ұлымыз Рахымжан, қызымыз Аружан».
Қос бүлдіршініне қазақы тәрбие беріп отырған ана қазақ жерінде тілін білу парызымыз дейді.