Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, профессор, Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкірдің туғанынан биыл 85 жыл. Атаулы датаға орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Ғылыми кеңес отырысын өткізіп, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
Әбдіжәлел Қошқарұлы болмыс-бітімі бөлек, елден ерек, тұғыры биік, танымы терең тұлға. Аядай ғана Айдарлы совхозында дүниеге келген ауыл баласы жастайынан оқуға құштар болды. Терең ізденістің, білімге деген ынтызарлығының арқасында 1-Май мектебін, Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын үздік дипломмен тәмамдады. Алғаш еңбек жолын білім беру саласынан бастаған ол қызметтің түрлі сатысында шыңдалды. Қалалық, облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы, облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Қандай лауазымның тізгінін ұстаса да, адамдықтан айныған жоқ, ұлтжанды азамат ретінде ұстанымынан танбады.
САҒАТ ТАЙМАН, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ \Комсомол комитетінің бірінші хатшысы кезінде қалалық стадион, кейін Ғани Мұратбаев атындағы стадион салдырты, Қызылорда педагогикалық интитуты жанынан құрылған «Сыр сұлуы» ансамблін Йемен еліне апарды Облыс ақындары шығармашылдығын көтеріп, Павлодардағы республикалық ақындар айтысына бастап барды. «Сыр елі – жыр елі» деген қағидатты берік ұстанып, облыстағы өнер адамдарының түгел дерлік авторлық кештері ұйымдастырылды\
Әбдіжәлел Бәкір еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қызылорда облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы қызметін атқарды. Сол кезеңде ақылы хабарларды көбейтіп, қызметкерлердің еңбекақысын өсірді, тұрғын үймен қамтамасыз етті. «Сыр саңлақтары» деген мегажобаны жүзеге асырып, өңірден шыққан талантты жастарды танытуға айрықша үлес қосты. Мерекелік жиында телевизия саласының ардагеріне ұжымның атынан құрмет көрсетілді.
Әбдіжәлел Қошқарұлы екі мәрте Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Биік мінбелерде сөз алып, елдің жайын, халықтың мұң-мұқтажын көтерді. Әсіресе, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен тілін, мүддесін қорғайтын бірнеше заңдық нормаларды енгізуге көп күш-жігер жұмсады.
Парасат пайымы бөлек тұлғаның ғылым жолындағы еңбегі өлшеусіз. Ол Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай мұраларын зерттеп, құнды деректер жинақтады. Мәскеу, Грузия, Франция, Германия мемлекеттерінің архив, кітапхана қорларында болып, тың дүниелерді терді. Тынымсыз ізденістің нәтижесінде «Мұстафа Шоқай. Энциклопедиясын» құрастыру жобасын қолға алды. Ғылыми кеңес отырысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Әбдіжәлел Бәкірге облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ мерейтой иесі еліміздің ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін медалімен және университеттің «Үздік оқытушы» төсбелгісімен марапатталды.