#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #жаңазаң#есірткі

Елімізде 3 наурыздан бастап есірткі қылмысына қатысты жаңа заң күшіне енді. Ол бойынша қылмыстық кодекстің бірнеше бабы жеңілдетіліп, кейбірі қатаңдатылды. Ізгілендіру бағытына кімдер іліге алады? Прокуратура мен сот органдары не дейді? Аталған тақырыпта ведомствоаралық жедел мәжіліске қатысқан әріптесім тарқатсын.

Елдегі криминогендік ахуалды електен өткізген ел Президенті былтырғы ұлттық құрылтайда есірткі қылмысына қатысты жаңа заң қолданысқа енетінін ескерткен. Шыны керек, соңғы кезде жеңіл ақша табам деп кей жастар есірткі жасырушы, яғни «закладчик» боп тұтылып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығып жатыр. Әттеген-айы, олардың саны аз емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 5 жылда облыстағы арнайы мекеме-түрмедегілердің саны 57,5 пайызға өскен. Яғни, халықтың экономикалық белсенді тобы сүрініп кетіп, бүлінген тағдыр иелері болып отыр. Енді жаңа заңға сәйкес, «закладчик» боп тұтылғандардың жазасы жеңілдеп, ал, есірткі өңдеушілердің жазасы ауырлайтын болады.

Жаңа заң бойынша есірткіні өндіріп, өңдеп, дайындағандар қамауға 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге алынып немесе мүлкі тәркілене отырып, өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Ал, есірткіні жасырып, алғаш рет қылмыс жасағандардың мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылдан 8 жылға дейінгі аралыққа төмендетілді, бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін еді. Себебі есірткі жасырушылардың көбі жастар. Мемлекет реформаны осы жастардың темір тордан ерте шығып, түзу жолға түсуіне мүмкіндік беру үшін жасап отыр. Бұл тұрғыда іс қарау барысында бірізділік сақталмақ дейді сот өкілі.

 Мынаны түсіну керек, бұл «закладчиктердің» басынан сипайтын заң емес, әгәрәки олар қылмыстық әрекетті тағы қайталаса, мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза күтеді. Сондықтан, өмірді түрмеде өксікпен емес, таза еңбекпен еркіндікте өткізген дұрыс, елде әркез заң мен тәртіп үстемдік құруы тиіс!