Енді, жұмыссыз адамдар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары жергілікті бюджеттен төленуі мүмкін. Мәжілісте таныстырылған заң жобасында бірқатар ұсыныс айтылды. Яғни, қазір 3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалған. Оның 2,4 миллионы жарнаны төлеуге шамасы бар. Ал, бір миллионнан астам адамның табысы төмен. Міне, осы санаттағы азаматтардың медициналық сақтандыруына жергілікті атқарушы органдар жауапты болмақ.

 2026 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетінен негізгі міндеттемелері МӘМС жүйесіне ауыстырылмақ. Осылайша, кезең-кезеңімен қос тетік біріктіріледі. Нәтижесінде, медициналық қызметтердің үлкен спектрі тегін әрі қолжетімді болмақ.

 АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА - ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ

 "Соның ішінде вакцинация және онкологиялық скринингтер, әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша күдік болған жағдайда диагностикалар туберкулез, АИТВ, болса бұған бірәз қосымша созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, орфандық аурулар, жедел миокард инфарктісі 6 айға дейін инсульт 1 жылға дейін тиісті қызметтер тегін қарастырылатын болады".

Бүгін тағы екі бастама ұсынылды. Әуелі қызметкерлердің жарналарын есептеу базасының жоғарғы шегін арттыру. Себебі, қазір табысы жоғары адамдар пропорционалды түрде аз төлейді. Ал, екінші кезеңде – 2027 жылдан бастап МӘМС-ке мемлекет жарналарының мөлшерін біртіндеп арттыру ескерілген.

 ГҮЛДАРА НҰРЫМОВА - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

 "Біз қазір 10 минималдық ең төменгі жалақының есебінен жарна төлеп жатырмыз иә, ең жоғарысы сол. Енді соны 50 төменгі жалақы көрсеткішінен болады. Оны да біз талқылаймыз. Сонымен қатар, медициналық пакеттерді нақты қалыптастыру керек".

 2027 жылдан бастап жедел жәрдем қызметі бойынша жаңа норма енгізіледі. Себебі, қазір жедел жәрдем шақыруларының 60 пайызға жуығы төртінші санатқа жатады. Яғни, емханаға өзі бара алатын науқастар көп. Сондай шақыртулар көбейген сайын адам өміріне қауіп төнген жағдайларға медицина қызметкерлері кешігіп барып жатыр. Ал, бүгін таныстырылған заң жобасына байланысты депутаттар тарапынан қайшы пікірлер көп, сондықтан әлі де қызу талқыға түспек.