Сыр өнерпаздары Еуропа жұртын тамсантты. Еліміздің Эстониядағы елшілігінің қолдауымен Қызылорда облыстық «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің ұжымы Эстония астанасы Таллинде өнер көрсетті. Әз-Наурыздың құрметіне ұйымдастырылған мерекелік концертте музыканттар ұлттық ән-жырдан шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
«Ақмешіт» фольклорлық ансамблі 2009-жылы Қызылорда облыстық филармониясының жанынан құрылған. Сыр бойының төлтума өнерін, қазақ ұлттық фольклорын насихаттау мақсатында шығармашылық ұжым бұған дейін Өзбекстан, Түркия,Ұлыбритания, Финляндия сахналарында өнер көрсеткен. Эстонияға бірінші рет келіп тұр. Мерекелік концертті жарапазан айтып, шашу шашып, еуропалықтарға қазақтың салт-дәстүрін дәріптеуден бастады. Қорқыт пен қобыз қазақ үшін егіз ұғым екенін танытты. Ұлттық аспаптардың ерекше үні, күмбірлеген күй ә дегеннен-ақ көрерменің жан дүниесін дүр сілкіндірді.
МАРВИН ФАРУ - ТАЛЛИН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Халық әндері, ұлттық аспаптарыңыз домбыра мен қобыздың үні ғажап. Концерт қатты ұнады. Қазақстанның мәдениетімен тереңірек таныстым.
Өнерпаздар көпшілікке Сыр сүлейлерінің толғау термелерін орындап, «Сыр өңірі-жыр өңірі» екенін дәлелдеді. Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов бастаған бір топ өнерпаз ұлт фольклорындағы ән айтыстың көркемдігін паш етті. Әртістердің эстон тілінде шырқаған әні Таллин жұртының делебесін қоздырды.
ХЕЛЕН ХУЗ - «ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Бізге күннің көзі жетіспейтін. Сіздер бүгін бізге күн шуағын сыйладыңыздар. Концерттегі костюмдердің сұлулығын көру, әртістердің сиқырлы дауысын есту, бізге күн шуағын сыйлаумен пара-пар. Эстониялықтарды мәдениеттеріңізбен, салт дәстүрлеріңізбен таныстырып жатқандарыңызға көп рақмет.
АБИШЕХ МАХРУЗ, ҮНДІСТАНДЫҚ ЗАҢГЕР
Өте әдемі кеш болды. Концерттен ерекше әсер алдық. Қазақстанның бай мәдениетімен таныстық. Музыкаларыңыз ғажап.
Екі сағат бойы «Ақмешіт»ұжымы қара терге түсіп, қазақ өнерін жоғарғы деңгейде насихаттады. Концерттен рухани азық алған көрермен таланттарды қайта-қайта «биске»шақырып, қошаметті жаудырды. Қанаттанған музыканттар Құрманғазының «Сарыарқасын»құйқылжыта орындады. Талантымен эстондықтардың таңдайын қақтырған өнер ұжымының гастрольдік сапары енді Испания астанасы Мадридте жалғасады.