Мемлекет басшысы Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянды қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Бейбітшілік туралы келісім жобасы бойынша келіссөздердің аяқталып, Ереван мен Баку арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастың жандануын қолдайтынын жеткізді.
Президенттің пікірінше, бұл айтулы оқиға Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісім орнатуға негіз қалап, аймақтың Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығын белсенді түрде дамытуға, сондай-ақ қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланысты ілгерілету перспективасы қарастырылды. Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерінің Арменияға тауар тасымалын 350 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.