Қызылордада студенттерге арналған «Грин Лайф» деп аталатын экоклуб ашылды. Бұл бастама жастарды экологиялық мәселелерді шешуде белсенді болуға шақырады.

Жоба «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асып отыр. Осы арқылы өскелең ұрпақ қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге дағдыланады. Көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, табиғатты қорғауға атсалыспақ. Студенттер алдағы уақытта экоқозғалыстың негізгі күшіне айналуы мүмкін дейді ұйымдастырушылар.

СВЕТЛАНА ҚОЖАМБЕРДИЕВА – ЭКОКЛУБ ЖЕТЕКШІСІ

 Экологиялық клубтың құрылу мақсаты өңірдегі күрделенген экологиялық мәселелерден жастарға мағлұмат беру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, түрлі ұйымдардың экоакцияларына белсене қатысып, мәселелерді бірге шешу. Қазіргі таңда құрамында 100 студент бар, 100 студент тағы да қосымша қабылданып жатыр. Алда үлкен жобаларымыз бар.

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан құрылған экоклуб теориялық насихат алаңы ғана емес, керісінше, нақты қадамдар жасалатын тәжірибелік кеңістікке айналмақ. Мұнда арнайы жабдықтар орнатылып, студенттер зертханалық құрылғыларды қолдана алады. Сонымен қатар, экология тақырыбында шеберлік сағаттары өтеді. Айта кетейік, экоклуб студенттермен ғана шектелмей, қала тұрғындарын да экомәдениетке баулиды.

ЖІБЕК АҚНОРОВА – СТУДЕНТ

Экология мамандығының 1-курс студентімін. Эко клуб мүшесі болып жатырмын. Бала кезімнен табиғатты аялап өстім. Эко шараларға белесенді қатысамын.