#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #арал #сексеуіл

Теңіздің құрғаған ұлтанына алғаш рет дронмен тұқым себу жұмыстары басталды. Биылғы меже 100 мың гектар аумаққа әуеден тұқым себу. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев теңіз ұлтанына арнайы барып, мелиорациялық жұмыстармен танысты.

 ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Арал тағдыры – адам тағдыры. Себебі, теңіз табанынан ұшқан құм мен мен тұз бүгінде әлемді алаңдатып отыр. Бұл мәселені шешудің бірден бір жолы - құрғаған теңіз ұлтанына шөлге төзімді өсімдіктер отырғызу. Осы мақсатта былтыр 4 млн. 410 мың түп сексеуіл көшеті егілсе, биыл 3 млн. 649 мың түп көшет отырғызылады\

 Арал теңізінің құрғаған ұлтаны шамамен 6 миллион гектарды құрайды. Оның 2 миллион 800 гектары Қазақстан аумағында орналасқан. Мамандардың сөзінше, теңіз түбінен жылына 100 миллион тонна тұзды шаң ауаға көтеріліп, Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жетіп жатыр. Сондықтан жаһандық проблеманы шешу үшін мелиорациялық жұмыстарды жүйелі жүргізу керек. Мемлекет басшысы осы мақсатта 2021 жылы алдағы бес жылда теңіз ұлтанындағы 1 миллион 100 мың гектар жерге шөлге төзімді өсімдіктер егуді тапсырған болатын. Бүгінде бұл жұмыстар аяқталуға жақын.

 ИСАТАЙ ӘБДІРАЗАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ \Бүгінгі күнге 780 мың гектар жерге орман мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Ол барлық меженің 71 пайызын құрап тұр. Негізгі жұмыстар механикалық тұқыммен себу және көшет отырғызу жұмыстары бойынша жүргізіледі. Тұқыммен себу қаңтар, ақпан айларында жүргізіледі қар кеткенше, ал көктемде көшетпен отырғызу жұмыстары жүргізіледі\

 Мелиорациялық жұмыстарға елімізден бөлек халықаралық қаржы ұйымдары да атсалысып келеді. Мәселен, бұған дейін Дүниежүзілік банктің қолдауымен 57 мың гектар алқапқа сексеуіл отырғызылса, Оңтүстік Корея мемлекетімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 13 300 гектарға сексеуіл көшеттері егілді.

 ДАНИЯР ТҰРҒАМБАЕВ, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ \Басты мақсатымыз тұз бен шаңды борандардың алдын алу және Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру. 2024 жылы Қазмұнайгаз компаниясының көмегімен 15 мың гектар жерге егу жұмыстары жүргізілді. 2024-2025 жылы Катко компаниясының көмегімен 120 гектар жерге себу жұмыстары және 2025 жылға арналған 16 мың түп сексеуілдің 11800-і осы компанияның күшімен жүзеге асырылып жатыр\

БАСТЬЕН ПАСКАЛЬ, «КАТКО» БК» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ \Катко Арал теңізінің құрғаған ұлтанын көгалдандыру бойынша осындай орасан зор экологиялық бастамаға қатысқанын мақтан тұтады. Жоба аясында 120 мың гектар алқапқа галофитті өсімдіктердің тұқымы себіліп, бүгінде 16 мың гектар алқапқа сексеуіл көшеттерін отырғызу басталды. Жоба біріншіден өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізсе, екіншіден әлеуметтік маңыздылығы да ерекше. Яғни, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып отыр\

 Тағы бір бастама, биыл теңіз ұлтанына алғаш рет әуеден тұқым себу жұмыстары басталды. Бұл жобаны Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми – зерттеу институты жүзеге асырып жатыр. Агродронмен галофитті өсімдердің тұқымы араластырылып себілуде. Мамандардың сөзінше әуеден тұқым себудің тиімділігі – адам күшін қажет етпейді және көп уақыт алмайды.

 РУСЛАН АХМЕТОВ, «Ә.БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ АГРООРМАНМЕЛИОРАЦИЯ ҒЗИ» ЖШС АЛМАТЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ \Арал тенізінің кепкен жеріне фитомелиоративті өсімдіктерді өсіру жоспарда бар. Осы мақсатта агродронды сынап көріп жатырмыз. 50 келідей көтере алады бұл құрылғы. Біз кустарниктің тұқымдарын агродронмен жайып көрдік. Тағы басқа да тұқымдарды сынап көреміз - сарысазан және басқаларын Бұл бағдарлама 3 жылға арналған\

 Ғалымдардың сөзінше, көшет пен тұқымның сапасы жақсы. Ендігі міндет, жердің ылғалын пайдаланып, көшеттерді дер кезінде егіп тастау қажет. Сонда шығымы да көңілден шығады.

 ӘЛІБИ ҒАЗИЗ, «РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРМАН СЕЛЕКЦИЯЛЫҚ ТҰҚЫМ ӨСІРУ ОРТАЛЫҒЫ» РМҚК БАС ДИРЕКТОРЫ \15 жылдан кейін осы жер үлкен орман болады деген үміттеміз. Тіршілік жанданады, өмір пайда болады. Мысалы осының алдында Қазмұнайгаздың қаржыландыруымен 15 мың гектар көшет отырғызылған. Жап жақсы, 30 пайызға дейін шығып тұр. .. \

Теңіз ұлтанына егетін көшеттерді көбейту мақсатында Дүниежүзілік банктің қолдауымен Қазалы қаласында жаңадан орман тұқымбағы салынды. Жалпы аумағы 33 гектарды құрайтын тұқымбақта сексеуілден басқа жапырақты талдар мен жеміс ағаштары да отырғызылуда. Көшеттер толықтай тамшылатып суару әдісімен суғарылады.