#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #nauryz #жаңаруайы #nauryznama2025

Қаладағы Жетісу көшесінің тұрғындары Наурыз мерекесін тойлады. Жаңару айында үлкен-кіші бас қосып, тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызды. Ұлттық ойындардан сайыс өткізді.

 Наурыз – жалпыхалықтық мейрам. Ағайынның басын қосып, бауырмалдылықты арттыратын, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын, ұлттық салт-дәстүр көрініс табатын береке мен бірліктің мерекесі. Осы орайда Жетісу көшесінің тұрғындары Рамазан айымен қатар келген Ұлыс күнінде қазан көтеріп, ауызашар берді. Мақсат - көршілердің ауызбіршілігін арттырып, жақсы қарым-қатынас орнату.

МАҚСҰТ БАЕКЕЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ \Ата бабамыздан келе жатқан салт дәстүріміз осы Наурыз мерекесі. Сол мерекеміз қайта жаңғырып, қазір өзгеше сипат алды. Наурызды көше мерекесімен жалғастырып жатырмыз. ....\

 НЕСІБЕЛІ ЕРЖІГІТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ \Наурыз іргесі сөгілмес бірліктің бастауы болған, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. ....\

Жердің тоңы жібіп, тіршілік оянатын сәтте тұрғындар көркейту-көгалдандыру жұмыстарына кірісті. Көшені күл-қоқыстан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілді ұстанған қариялар осылайша тағылымды істің ұйытқысы болды.

 Төрт түлік төлдеп, дастарханға ақ толатын, елге бақ қонатын мезетте ақ жаулықты аналар қазан көтеріп, ас әзірледі. Көше тұрғындарының бірлігі нығайсын, тоқшылық заман болсын деген ниетпен жеті түрлі дәм салып, Наурыз көже дайындады.

 «Ұлыс күні қазан толса, сол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар» деген. Наурыздың басты дәмін тоя жеген ақсақалдар бата беріп, елдің амандығын тіледі. Ал, балалар асық ойнап, ләңгі теуіп, ұлттық ойынды жаңғыртты. Мергендік пен ептілік танытып, жеңіске жеткен жасөспірімдер марапатталды.