#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар
Мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір 85 жасқа толды. Осыған орай Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада зерделі ғалыммен кездесу ұйымдастырылып, Сыр перзентінің еселі еңбегі дәріптелді.
Әр ойын байыппен бастап, сөзін салмақтап жеткізетін Әбдіжәлел Қошқарұлы елдің сенімін бар болмысымен сезінген азамат. Еңбек жолын білім беру саласынан бастаған ол қызметтің түрлі сатысында шыңдалды. Комсомол, партия комитеттеріндегі абыройлы қызметінен соң, облыстық телерадио хабарлар тарату компаниясының төрағасы болды. Ал 1995-1999 жылдарда Парламент Мәжілісінің депутаты атанды. Ал, парасат-пайымы толысқан шақта ғылым жолында құлаш сермеп, ұлт мақтаныштарының еңбегін дәріптеді. Әсіресе, алаш қайраткері Мұстафа Шоқай мұраларын жинақтау мен таныту ісінде батыл қадам жасаған бірегей ғалым. Жиында Сыр перзентінің осындай озық қырлары айтылып, жұртшылық мерейтой иесіне сауалдарын қойды.