#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #турнир #дзюдо

Сырдария ауданы, Бесарық ауылында дзюдодан республикалық ашық турнир жалауын көтерді. Жасөспірімдер арасындағы айтулы додада 500-ге жуық спортшы бақ сынауда.

«Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүлдесіне арналған ашық турнир биыл жетінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Республикалық жарысқа еліміздің 14 облысы мен 3 қаласынан және Өзбекстан Республикасынан барлығы 17 команда қатысуда.

 Ұлдар тоғыз салмақта өзара мықтыны анықтаса, бұрымдылар сегіз салмақ дәрежесінде бақтарын сынайды. Мамандар бәсі биік турнир жасөспірімдердің шеберлігін шыңдап, алда өтетін ел біріншілігі мен Азия чемпионаты секілді ірі жарыстарға дайындықты күшейтетінін айтады.

 Татами төріндегі тартысқа кіл мықтылар жиналған. Бірі Қазақстан чемпионы болса, енді бірі Азия чемпионатында өнер көрсетіп, жүлдегер атанып жүрген өрендер. Солардың бірі – Ержігіт Сүндетәлиев. Өзбекстандық спортшы бұған дейін аталмыш турнирге 2 рет қатысып, жүлде еншілеген. Бұл жолы да жеңістен үмітті.

Байрақты бәсеке екі күнге созылмақ. Турнир жеңімпаздары демеушілердің бағалы сыйлықтары және арнайы алғыс хаттармен марапатталмақ. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер атағы беріледі.