#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #nauryz #nauryznama2025 #жаңаруайы
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі биыл өңірде ерекше сән салтанатымен тойланды. «Наурызнама» онкүндігі аясында түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Жаңару мен жасару айындағы айшықты істер мен мерекелік шараларды назарларыңызға ұсынамыз.
«Амал келді, жыл келді!». Наурызнама онкүндігінің шымылдық ашар шарасы Көрісу күнімен басталды. Қыстан аман есен шыққан ағайын төс қағыстырып, бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, амандық-саулық тілесті. Амал мерекесі Арал ауданында айрықша аталып өтті. Айдынды өлке өнерпаздары керуен көш ұйымдастырып, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғыртты.
15 наурыз - қайырымдылық күніне орай тұрмысы төмен 100 отбасыға азық-түлік таратылды. Жомарт жандар мен еріктілер марапатталды. Ал, 16 наурыз – Шаңырақ күніне орай Жалағаш ауданы, Таң ауылында отау құрғандарына 50 жыл толған қос жанұяның алтын тойы тағылыммен тойланып, өскелең ұрпаққа өнегесі дәріптелді.
Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Нағи Ілиясов ауылында «Салт-дәстүр – сан ғасырлық мұра» атты фестиваль ұйымдастырылды. Ал, облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Наурыз-думан» атты этнографиялық мерекелік іс-шара өтті. Ұлттық құндылығымызды ұлықтау мақсатындағы жиында «Көктем өрнегі» атты этнографиялық көрме ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылды.
18 наурыз - Ұлттық киім күніне орай сәнді киімдер көрсетілімі мен фестивальдер өткізілді. «Ұлттық киімді ұлықтайық» және «Көшпенділер әлемі» атты этно фестивальде сәукеле мен зерлі тақия киген сұлулар, шапан жамылған серілер жергілікті қолөнер шеберлерінің сән үлгілерін көпшілік назарына ұсынды.
19 наурыз - Жаңару күніне орай өңірдің барлық елді мекендерінде санитарлық тазарту, аббаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Тазалық шарасына барлығы 42 мыңнан астам ерікті қатысты.
20 наурыз - Спорт күні орай қалалық ипподромда көкпар, арқан тартыс, қазақ күресі, қол күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ, гір көтеру секілді қазақтың ұлттық ойындарынан жарыс өтті. Ал, Жаңақорған ауданында ұлттық спортты ұлықтап жүрген жігіттер қазақы құндылықтарды насихаттап, тұрғындарға атқа мініп, садақ атудың қыр-сырын үйретті.
Шиелі ауданы, Ыбырай Жақаев ауылында жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді. Кент орталығынан 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің іргетасы қаланды.
Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесіне орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барлық ауданды аралап, көпшіліктің қуанышына ортақтасты. Бұл күні Қазалы ауданында 300 орындық Жайлы мектеп пайдалануға берілсе, Ақтан батыр ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көрді. Ал, Қармақшы және Жалағаш аудандарында спорт кешені ашылды. Сонымен қатар, дәл осы күні облыс орталығында 135 отбасы баспаналы болды.
Ұлыс күніне арналған мәдени көпшілік шара облыс орталығында кең көлемде аталып өтті. Өнер орталығының алдында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, салт-дәстүр көрініс тапты, әдет-ғұрпымыз жаңғырды.
Наурызнама онкүндігіне сәйкес «23 наурыз - Тазару күні» болып бекітілген болатын. Осыған облыс бойынша көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық шаралары ұйымдастырылып, жеті мыңға жуық көшет егілді. Міне, Сыр еліндегі айшықты шаралардың легі осындай болды.