Әбубәкір Тыныбаев атындағы №11-ші мектеп лицейде ардагер ұстаздар арасында байқау өтті. Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған тағылымды шарада ұстаздар қойылым қойып, Абай даналығын дәріптеді.
Абай ұлы даланың мызғымас темірқазығы іспетті. Хәкімнің қаламынан төгілмеген тақырып жоқ. Ұрпаққа мұра болған теңдесіз шығармалары уақыт өткен сайын бағасын арттырып келеді. Биыл кемеңгер ақынының туғанына - 180 жыл. Осыған орай қалалық ардагерлер кеңесі бастама болып, ақын шығармашылығы кеңінен насихатталды.
МЫЛТЫҚБАЙ БАЙЫМБЕТОВ - ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ САЛАСЫ АРДАГЕРЛЕРІ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ //«Абайдың есімі ұмытылмайтын есім ғой өзі. Соны насихаттау мақсатында осы шара өтіп жатыр. Қаланың бірнеше мектептері қатысады. Ардагерлер қатысады. Абайдың қара сөздері, әндері, өлеңдері оның мән мағынасы терең талданады осында. Ұрпақтарымыз Абайдың ғибратты сөздерін бойына жинап өссін дейміз»//.
Байқауға 12 мектептен жиналған ардагер ұстаздар атсалысты. Олар ұлы ақынның туып өскен ата қонысынан бастап, өмірінің соңына дейінгі аралықты сахналап шықты. Бірі кемеңгердің келелі ойларынан түйгенін ортаға салса, енді бірі жауһар жырларын жүрекке жеткізе оқып, әуезді әндерімен әрледі.
Интершум: /Желсіз түнде жарық ай/
СӘУЛЕ ЕРМАШОВА - АРДАГЕР ҰСТАЗ «Мен 11-мектеп лицейінің зейнеткер ұстазымын. Осы мектепте 40 жылдан аса уақыт қызмет еттім. Өскелең ұрпаққа білім бердік, тәрбиеледік. Бүгін мынау ұлы Абайымыздың 180 жылдық мерейтойына өзіміздің өнерімізді көрсетіп, жастарға Абайымыздың 45 қара сөзін насихаттап, өзіміздің қолымыздан келгенше қойылымымызды қойып шықтық».
Кеш барысында ардагерлермен бірге жас ұстаздар да ұлы ақынның шығармашылығынан сыр шертті.
Осылайша Абай еңбектері жас ұрпақ жадында тағы бір жаңғырды. Ал жарыс қорытындысы бойынша Абай мұрасын насихаттауға арналған байқауда үшінші орынды №278 мектеп ардагерлері алса, екінші орынды №11-мектеп лицей ұстаздары еншіледі. Ал бірінші орынды №176 мектептің ардагер ұстаздары қанжығалады.