Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Сыр елі – достық мекені» атты республикалық форум басталды. Жиынға еліміздің барлық өңірінен келген түрлі этнос өкілдерінің белсенді жастары қатысып жатыр.
Форумның ашылу салтанаты Достық үйінде өтті. Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов сөз алып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Татулық пен тұрақтылықты, достық пен бірлікті ту еткен жиын екі күнге жалғасады. Еліміздің әр өңірінен келген белсенді жастар түске дейін секциялық отырыстарға қатысты. Бірінші топ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Kyzylorda Hub» орталығының жобаларымен танысса, екінші топ Болашақ университетінде «Мамандық таңдау – болашаққа нық қадам» тақырыбындағы секциялық отырысқа қатысты. Ал, үшінші секция жұмысы Жастар орталығында жалғасты. Форум барысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті жанынан «Студенттік Ассамблея» орталығы ашылды. Орталық төрағасы сайланып, алда атқарылатын жұмыстар мен бастамалар сөз болды.
ТИМУР ЖҰМЫРБАЕВ, «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» РҚБ ТӨРАҒАСЫ
\Біздің басты міндетіміз жастарға жан жақты қолдау білдіріп, терең білім алуына жағдай жасау. Осы мақсатта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Kyzylorda Hub» коворкинг орталығында «Жасанды интеллект: оның мүмкіндіктері мен әлеуеті» тақырыбында секция жұмысы өтіп жатыр. Студенттермен кездесіп, кәсіпкерлік пен көшбасшылықты дамыту мүмкіндіктері, сондай-ақ жастар саясатының өзекті мәселелері туралы пікір алмастық \