Спорт әлемінен сүйінші жаңалық! Жерлесіміз Нұрсұлтан Алтынбек бокстан Бразилияда өткен Әлем кубогында жеңіске жетті. 55 келіде сынға түскен ол ақтық айқаста өзбек боксшы Мирарзизбек Мирзахалиловтан 3:2 есебімен басым түсті.
Жалпы жаһандық жарысқа ел құрамасында 11 спортшы аттанса, оның алтауы жүлделі болды. Қоржында 3 алтын, 3 қола медаль. Атап айтқанда, әйелдер арасында 51 келідегі Жазира Орақбаева қарсыласының бас тартуына байланысты рингке шықпай-ақ чемпион атанды. Одан кейін Нұрсұлтан Алтынбек пен Дәулет Төлемісов те жеңіс жолын жалғады. Нұрсұлтан финалда бітіспес қарсыласы өзбекстандық боксшыны жеңсе, 85 келідегі Дәулет финалда тағы бір өзбекстандық Акмалжон Исраиловты қапы қалдырды. Ал, қоржынға түскен үш қоланы Ұлжан Сәрсенбек, Диас Молжігітов және Даниял Сапарбай еншіледі.
Айта кетейік, Бразилиядағы бокс бәсекесі – World Boxing ұйымы енгізген жаңа форматтағы жарыс. Біздің команда оған алғаш рет қатысып отыр әрі ұлттық құрама сапында тек жас боксшылар өнер көрсетті. Олар үмітті ақтап, мықты резерв барын дәлелдеді.