Уақыт керуені алға жылжыған сайын майданда ел үшін отқа түскен батырлар қатары сиреуде. Бүгінде облыс бойынша сол зұлмат кезеңнің екі-ақ куәгері қалды. Бірі сырдариялық – Яхия Тасыров болса, екіншісі Қазалы ауданының тумасы – Тілеуберген Тобабергенов. Жеңісті жақындатқан жауынгерлерді аудандық аурухана дәрігерлері кезектен тыс медициналық тексеруден өткізді.

 Яхия Тасыров сұрапыл соғыста от пен оқтың ортасынан аман келіп, бейбіт күннің бақытын сезінген қарт майдангердің бірі. Жастайынан тағдырдың кермек дәмін татқан ол небәрі жиырма жасында соғысқа аттанған. Қолына алғаш рет қару ұстаған бозбала Сталинград түбіндегі кескілескен шайқасқа қатысып, неміс әскерімен соғысты.Сталинград, Белоруссия, Курск қалалары мен Польшаны азат етуге қатысқан сарбаз 1945 жылдың 28 наурызында ауыр жарақат алады. Берлинге 70 шақырым қалғанда қос аяғына снаряд жарықшағы тиіп, жеті ай емделеді. Осылайша, Жеңіс күнін Мәскеудегі госпитальде қарсы алдық деп шаттанды.

Ақсақал биыл 103 жасқа толды. Қарт майдангердің денсаулығы әлі тың. Соғыс көрген көнекөз қарияның бар арманы – елдің тыныштығы мен береке бірлігі.

Ардагер үйіне келген ақ халаттыларды қуана қарсы алып, жадында сақталған есті естеліктерімен бөлісті. Мұнан кейін, дәрігерлер қарияның денсаулығын тексеріп, қажетті емдеу шараларын тағайындады.

 Отан үшін сұрапыл соғыста да, бейбіт күнде де тайсалмай еңбек еткен қарияға аудан әкімдігі шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал, қария рақметін айтып, ақ батасын берді.

Дәл осындай медициналық тексеру шарасы қазалылық қмайдангер Тілеуберген Тобабергеновке де жасалды. Дәрігерлер ақсақалдың денсаулық жағдайын бақылап, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етті.

Тілеуберген Тобабергенов 1942 жылдың қаңтарында әскерге аттанған. Ташкент қаласының маңындағы Шыршық стансасында бір ай әскери дайындықтан өтіп, соғысқа жіберілді. 150-ші зеңбіректі атқыштар және 291-ші атқыштар полкының құрамында болған қазалылық қайсар жігіт Белоруссия, Польша, Чехословакия жерлерін жаудан азат етуге қатысқан. Бүгінде 101 жасқа келген қария немере-шөберелерінің арасында бақуатты күн кешуде.

Айта кетейік, соғыс ардагерлеріне кезектен тыс медициналық тексеру шаралары апта сайын жүргізіліп тұрады.