Қызылордада республикалық Ассамблея жастары форумының пленарлық отырысы өтті. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында еліміздің әр өңірінен келген жастар татулық пен достықтың маңызын айшықтады.
«Сыр елі – достық мекені» атауымен өткен жиында Ассамблея жастарының ел дамуындағы рөлі, ұлттар арасындағы бірлік пен ынтымақты сақтау жолдары сөз болды. Форумға Парламент Сенатының депутаты Нұрия Ниязова, министрлік өкілдері, Ассамблея жастарының республикалық көшбасшылары мен әр облыстан келген делегаттар қатысты. Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Қазақстан Халық Ассамблеясының 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңізбен бірге ҚХА-ның 30 жылдығына арналған «Сыр елі – достық мекені» атты Ассамблея форумында жүздескеніме қуаныштымын. Сыр өңіріндегі форумның жұмысына сәттілік тілеймін. Сыр елі, Жыр елі – ұлт руханиятының алтын діңгегі. Сыр Алаштың астанасы, астаналар мекені, адамзаттың айға ұшар арманы орындалған қасиетті мекен. Жақында ғана Бурабайда өткен «Ұлттық құрылтайда» құрылтайдың келесі бесінші отырысын Сыр бойында, кезінде еліміздің алғашқы астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Сыр елінде өткізу туралы тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін үстемдетті.
Форум аясында өңірде жастар саясатын қолдау жайы да айтылды. Солардың бірі – «Сыр жастары» тұрғын үй бағдарламасы. Жоба аясында жыл сайын 1 миллиард 200 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, жастарға баспаналыболу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар түрлі салада жетістікке жеткен озаттарға «Сыр үміті» жастар сыйлығы дәстүрлі түрде табысталып келеді.
ЕЛЕНА ПАК – ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» ҚБ ТӨРАҒАСЫ
Бұл форумда бүкіл қазақстаның өңірлерінен келген жастар. Өздеріңізге белгілі 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жарияланға болатын. Сол себіпті біз жұмысшы мамандықтарында жұмыс жасайтын жастарды шақырдық. Форум екі күнге созылады, бірінші күні біз ашылу салтанатын өткіздік. 3 секцияға бөлінді.
ЕКАТЕРИНА ГЕТ – ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ
//Өзім Қостанай облысынанмын. Осы жерде алғаш рет болдым. Қала ұнады. Іс-шара өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бізді қазақтың салт-дәстүріне, достыққа үйретіп жатыр. //
Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының және Ассамблея жастарының тулары ғарышқа жіберілетіні хабарланды. Қатысушылар бүгін Байқоңыр ғарыш айлағына барып, зымыранның ұшу сәтіне куә болды. Тарихи және символдық мәні бар шара ел бірлігі мен татулықты биікке көтеруді мақсат етеді.