#qyzylordatv

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы бірқатар құрылыс нысанын аралап, жұмыс барысымен танысты. Мердігер мекеме өкілдеріне ел игілігі үшін салынып жатқан ғимараттарды сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

 Алдымен Нұрлыбек Нәлібаев кондитерлік және макарон, нан өнімдерін шығаратын кешеннің құрылысымен танысты. Бұл жобаға мемлекеттен қолдау ретінде 5 гектар жер беріліп, су және кәріз жүйелерін жеткізуге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, технологиялық жабдықтарды импорттау кезінде кедендік баж салығынан босататын инвестициялық келісім-шарт жасалды. Мамандардың есебінше, жобаның 1-ші кезеңі биыл іске қосылады.

Мұнан кейін облыс әкімі сол жағалауда салынып жатқан заманауи стадионның құрылысын көрді. Спорттық нысанның металл конструкцияларын монтаждау аяқталып, қабырғасы мен ішкі бөлімдері және сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілері тартылған. Қазіргі таңда жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Сондай-ақ, футбол алаңын монтаждау және абаттандыру жұмыстары да басталып кетті.

300 орындық жатақханасы бар 400 орындық дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір нысанда техникалық жабдықтау және ауласын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Аймақ басшысы тарихи-мәдени мұра орталығы мен музыкалық колледждің құрылысымен де танысты. Демеушілер есебінен салынып жатқан оқу орындары мамыр айында пайдалануға беріледі. Құрылыс барысын бағамдаған облыс әкімі ел игілігі үшін есік ашатын әрбір нысанның сапалы болуын шегелеп тапсырды.