#qyzylordatv
Орталық Азия өңіріне ірі халықаралық медиаресурстар мен интернет-платформалар қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан медиа форумда айтылды. Жиында Орталық Азияның бірлескен телеарнасы мен журналистер академиясы құрылатыны белгілі болды. Жаһанның жаңалық жаршыларын жинаған ауқымды шарада тағы қандай мәселелер көтерілді? Тілші тарқатсын.
Орталық Азия өңірі әлемдік ірі медиаресурстар мен интернет-платформалар үшін қызығушылық тудыратын ортақ нарық ретінде қалыптасып келеді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстан осы бағытта халықаралық байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Соның бір дәлелі ретінде өткен жылдың тамызында Астанада ашылған «Euronews» өкілдігін айтуға болады.
КЛАУС ШТРУНЦ – EURONEWS БАС ДИРЕКТОРЫ
«Мен үшін Орталық Азиядағы медиа саланың дамуы қызық. Бұл өңірдегі ең жылдам өсіп келе жатқан саланың бірі. Біздің арнаның басты ұстанымы – көрермендерге әлемнің түкпір-түкпірінен бейтарап әрі сенімді ақпарат ұсыну. Бүгінде Euronews арнасы Еуропа халқының 82 пайызына қолжетімді. Сондықтан бұл, осы аймақ туралы қызық дүниелерді көрсетуге тамаша мүмкіндік».
Қазір «Euronews» командасы түркі тілдес халықтардың өнері, мәдениеті мен өмір салты туралы «Модерн номадс» телешоуын, «Орталық Азиядан шыққан дауыстар» тақырыптық сериясын, ірі өңірлік іс-шараларды қамтитын «Фокус» репортаждарын көрсетіп жатыр.