#qyzylordatv

23 сәуірде алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтпек. Осыған орай бүгін Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Мәртебелі кітап» атты апталықтың ашылуы болды. Шара аясында белгілі журналист, жазушы- сатирик Нұрмахан Елтайдың «Әр кәллада бір қиял» деген жаңа кітабының тұсауы кесілді.

«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу». Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осылай деген Президент кітап оқудың жоғары мәдениетін қалыптастыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты елімізде жаңа мереке, яғни Ұлттық кітап күні пайда болды. Бұл әдебиетіміз бен тарихымызға терең бойлап, халықтың таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған байыпты бастама.

 Бүгінде облыста 209 кітапхана жұмыс істейді. Рухани орталықтарда кітаптың құндылығын арттыру және оқырмандардың қызығушылығын ояту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Мәселен, «Мәртебелі кітап» апталығы аясында белгілі сатирик, журналист, жазушы Нұрмахан Елтаймен кездесу ұйымдастырылып, жаңа кітабының тұсауы кесілді. Қаламгердің «Әр кәллада бір қиял» атты кітабында қағытпа қалжыңдар мен әзіл әңгімелер, күнделікті тіршілікте кездесетін қызықты оқиғалар жазылған. Нұрмахан Елтай бұған дейін «Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар», «Ауылдағы айтқыштар», «Қиялға қонған қыран» секілді бірнеше кітап жазып, оқырманның оң бағасына ие болған жазушы.

Рухани кеште «Мереке-думан» әзіл-ысқақ отауының өнерпаздары автордың «Өзіңнен зор шықса» интермадиясын орындап, көпшілікті күлкіге қарық қылды. Ал, «Сатира сайыпқыраны» тақырыбындағы кітап көрмесінде Нұрмахан Елтайдың туындылары таныстырылды.