#qyzylordatv

Сол жағалаудағы «Орда school» мектебінде «Бастауыш сынып пәндерінде тиімді әдіс-тәсілдер арқылы құндылыққа бағытталған білім беру» тақырыбында қалалық семинар өтті. Біліктілікті арттыруға арналған іс-шараға қаладағы 50-ге жуық мектептің ұстаздары қатысты.

 Аймақта жеке мектептер желісін ашуды алғаш бастаған «Орда скул» білім ордасы бүгінде біраз белеске жетіп отыр. Алғашқы ғимараты 2017 жылы пайдалануға берілсе, бүгінде 4 корпус жұмыс істейді. Мұнда оқушылардың ой-өрісін дамытып, қарым-қабілетін шыңдауға, таным- көкжиегін кеңейтіп, терең білім алумен қатар шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, арт-студия, би, ән және музыкалық аспаптар үйрімесі, спорт, онлайн және шеберлік сабақтарын өткізуге арналған телестудия мен шеберханалар жұмыс істейді.

 ЖАНАТ ЕСЕНАМАНОВА - БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ «Біздің мектептің енді басты ерекшелігі - бала мектепте күні бойы болады. Біз бірінші ауысымда сабақ өтсек, екінші ауысымда үйірмелермен қамтылған балалар. Екінші ауысмыда домбыра, би, скрипка, спорттық үйірмелер бар. Осы үйірмелер балалардың жан-жақты дамуына берден бір әсер ететін басты құрал. Осы үйірмелерге қатысып, қазір балаларымыз облыстық, республикалық жарыстардан топ жарып жүр».

Ал бүгінгі семинардың мақсаты - білім беру әдістеріне ұлттық құндылықтарды енгізу. Яғни, сабақ жүргізу барысында балаларды ұлттық салт-дәстүрлер мен ойындардан хабардар ету. Бұл тұрғыда «Орда скул» мектебінде сабақтар ерекше форматта өтеді. Яғни, балалар сабақ үстінде қазақша би билеп, асықпен жаттығып, сергіту сәтін жасайды.

 АҚМАРАЛ САДЫҚОВА - ДИРЕКТОРДЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ «Түрлі әдіс-тәсілдеріміз арқылы қазақи құндылықтарымызды, адамгершілік секілді құндылықтарды бала бойына сіңіру бүгінгі күннің басты міндеті. Біздер сабақтарда түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, бейнероликтер көрсетеміз, ойындар ойнаймыз, ұрысып түсіндіргенге қарағанда бала өзі түйсігімен түсініп, өн бойынан өткізіп, оны дәптерге жазып, түсінсе дейміз. Осы жағына қатты көңіл бөліп, осылай тәрбиелеуге мән беріп жатырмыз».

 Ал семинарға келген ұстаздар әріптестерінен білім жүйесіндегі жаңашылдықтарды үйренгендеріне ризашылықтарын білдірді.

 САНДУҒАШ МЫРЗАЛИЕВА - СЕМИНАРҒА ҚАТЫСУШЫ «Құндылықтарға негізделген баяндаманы тыңдадық, ұлттық құндылық қазір маңызды тақырып қой. 6 құндылық негізінде күнделікті сабақта қалай қолдану керектігін айтып жатыр. біз де қолданып жүрміз, бірақ бүгін сол құндылықтарды тек қана ауызбен айтып қолдану емес, әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы қолдану туралы біраз мәлімет алдым. Бұл үшін өзім ерекше қуаныштымын».

Иә, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды насихаттау маңызды. Сондықтан бұл мектепте осы мақсатта арнайы бұрыш ашылып, оқушыларға қазақтың ұлттық өнері, төл мәдениеті мен салт-дәстүрлері дәріптеледі.